18-19 қазанда қалада Алматы облысы тауар өндірушілерінің кеңейтілген ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтеді. Іс-шара отандық өндірушілерді қолдауға, бірінші қажеттіліктегі азық-түлік бағасын тұрақтандыруға және жағымды сипаттағы көңіл-күй қалыптастыруға бағытталған «Береке Fest» республикалық бастамасы аясында өтеді, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Екі күн бойы қала тұрғындары мен қонақтары балғын, жаңа піскен әрі сапалы өнімдерді тікелей ауыл шаруашылығы өндірушілерінен сатып ала алады. Жәрмеңкеге Алматы облысының 12 ауданы және Қонаев қаласы қатысады. Қала тұрғындарына 50-ден астам өнім түрі: ет және сүт, жемістер мен көкөністер, шұжық өнімдері, ұн, жарма, өсімдік және малдың майы ұсынылады.
Жәрмеңкедегі өнімнің жалпы көлемі 350 тонна, оның ішінде 100 тонна ет, 100 тонна жеміс-көкөніс, 50 тонна сүт және 120 тонна басқа да өнімдер.
Жәрмеңке сағат 8:00-ден 17:00-ге дейін Қазыбек би көшесінде, Абылай хан даңғылынан Панфилов көшесіне дейінгі аралықта өтеді. «Береке Fest» азық-түлік қауіпсіздігін нығайту, жергілікті өндірісті дамыту және қазақстандық тауарларды насихаттау үшін жағдай жасай отыра, елдегі өңірлерді біріктіреді.