Қыркүйек айында републиканың барлық мектебінде ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «Тәуелсіздік жетістігі» тақырыбында сынып сағаты мен ашық сабақтар өткізіледі. Ұрпақ санасына егемендік жылдардың қасиетін түсіндірер жоба бүгін Нұр-Сұлтан қаласындағы мектептерден бастау алды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Іс-шараның басты мақсаты — Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерейтойының маңыздылығын және Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тәуелсіз мемлекеттің қалыптасуы мен дамуы жолында атқарған еңбегін жас ұрпаққа жеткізу. Осы орайда қаламыздағы №73 физика-техникалық лицейі де «Тәуелсіздік жетістігі» тақырыбында тәрбие сағаттарын өткізді. Жобаның ерекшелігі ашық сабақтарға тек оқушы мен ұстаздар ғана қатыспай, мемлекетіміздің қалыптасуына және аймақтың дамуына үлес қосқан ел азаматтары арасынан қонақ та шақырылған.
«Биыл еліміз үшін ерекше жыл. Егемендік алғанымызға 30 жыл толып отыр. Бірақ арада қаншама жыл өтсе де біз тарихымыздағы ұлт қайраткерлері мен батырларымыздың ерлігін ұмытпауымыз керек. Бүгін мені №73 физика-техникалық лицейі арнайы қонақ ретінде шақырып, оқушылармен кездесу өткізіп жатыр. Жас ұрпақпен жүздесу, оларға еліміздің тарихы жайлы дәріс оқу мен үшін үлкен мәртебе. Жақында Қазақстанның бірнеше өңірін аралап, оқушылармен, студенттермен кездесіп сұхбаттасып келдім. Мұндай тәрбие сағаттары жас ұрпақтың бойындағы потриоттық сезімді оятып, елге деген сүйіспеншілігін арттырып, рухын өсіретін бірегей жоба. Балалар да ерекше қызығушылық танытып, көкейде жүрген сан алуан сұрақтарын қойып жатады» — деді философия ғылымдарының докторы, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры Раушан Иманжүсіп.
Айта кету керек, тәрбие сағаттары барлық санитарлық нормаларды сақтай отырып өткізілді. Тәуелсіздіктің жетістіктерін жете түсінген жас буын, кездесуге келген Раушан Иманжүсіпке сұрақтар қойып, еліміздің өткені мен бүгіні жайында қызу пікірталас өткізді.
«Біз осындай елдік дәрістер өткізіледі дегенді естіп, көп ізденіп, дайындалып келдік. Тәуелсіздік барша қазақ үшін қасиетті ұғым. Егемендіктің арқасында қазіргі таңда бүкіл әлем таныған елге айналдық. Шетелге барып қай елде білім аламыз десек те жасалып жатқан мүмкіндік көп. Ата-бабаларымыз ақ найзаның ұшымен қорғап қалған тәуелсіздікті мәңгілік ету біздің борышымыз. Жалпы тәрбие сағаты жоғары деңгейде өтті. Аларымыз да, көңілге түйеріміз де көп тағылымға толы кездесу болды», — деді 10-сынып оқушысы Дана Оңғарова.
Іс-шара барысында оқушыларға ел Тәуелсіздігінің 30 жыл ішінде қол жеткен жетістіктері, еліміздің саяси-әлеуметтік ахуалы, білім мен мәдениет, тарих, рухани құндылықтар, ел бірлігі мен тыныштығы туралы келелі сөздер айтылды.