Елорда маңындағы №1 Индустриялық паркте орналасқан «ASTANA Ютария LTD» серіктестігі жеңіл өнеркәсіпті дамыта отырып, тұрақты жұмыспен қамту мәселесін шешуге де атсалысуда. Аумағы 2 гектар жерді алып жатқан, 10 жылдық тарихы бар компанида 250 адам еңбек етеді. Жыл сайын колледждер мен ЖОО бітірген жастарды да тәжірибеден өткізе отырып, әрі қарай жұмысқа алып қалады, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Мемлекеттік сатып алу арқылы тіккен бұйымдарын нарыққа шығаратын кәсіпорында кеңсеге арналған классикалық үлгімен қатар өндірістегі басшылық құрамның және жұмысшылардың жұмыс киімдері тігіледі. Сондай-ақ төтенше жағдай қызметкерлері, әскери, күзет, жол полициясы, қаржылық мониторинг агенттігінің кеңселік киімдері, шахтер, мұнай-газ бен теміржол саласындағы жолсеріктердің және дәнекерлеушілерге арналған арнайы топтамалары бар. Бұлардың кейбірінде жаздық және қыстық үлгідегі нұсқасы қатар дайындалады. Одан бөлек спорттық киімдер де тапсырыспен тігіледі. Тіпті көрші Ресейдің теміржолы да жұмыс киімдерін тігуге тапсырыс береді. Осыдан-ақ бұл кәсіпорынның нарықтағы орны мен қызмет сапасын бағамдай беруге болады.
Сұранысқа ие болса да компанияда кадр тапшылығы мәселесі бар, әсіресе, астаналық жастар мұнда жұмыс істеуге келе бермейді. Сондықтан көбіне тігін жабдығының операторларын, яғни тігіншілерді өзге өңірлерден шақырады. Кәсіпорын жанындағы 100 орындық жатақхана да сол үшін салынған.
Компания бас директорының технология және әзірлеме жөніндегі орынбасары Гүлнар Игембаеваның айтуынша, кәсіпорын елордадағы және еліміздегі оқу орындарымен ынтымақтастықта жұмыс істеп, тәжірибеден өткізу арқылы жастарды жұмысқа тартуға тырысады. Олар тәжірибеден өткен уақытта жалақысы да, шәкіртақысы да төленеді. Оқуын бітірген соң жұмыс істеймін деген жастарды компания жұмысқа алуға қашан да дайын, себебі кадр тапшылығы үнемі бар. Биыл жұмысқа алынған жас түлектердің бірі Әмина Мұратқызы Түркістан жоғары көп салалы қол өнер колледжін бітірген.
«Былтыр колледждегі бөлім меңгерушісі апайымыз осындай фабрика бар екенін естіп, кәсіпорынмен келісімшартқа отырды. Сөйтіп бізді осында жіберді. Үш ай тәжірибеден өтіп, жалақы алдым. Сосын жұмысқа қабылдандым. Қазір кәсіпорынның жатақханасында тұрамын, айына 5000 теңге ғана төлеймін. Одан бөлек түскі ас пен түстен кейінгі тіскебасар тамақ тегін беріледі. Жұмыс таңғы 8.00-ден кешкі 17.00-ге дейін созылады, екі күн демаламыз. 300 мың теңгедей жалақы аламын. Біз сияқты жастар үшін бұл өте тиімді. Ал жұмыс барысында күн сайын арнайы жұмыс киімдерін тігіп, тәжірибеміз де арта түсуде», – дейді жас тігінші.
Кәсіпорында 5 цех бар, соның бірі сырт киімдер, екіншісі костюм мен шалбар, тағы бірі логотиптер тігумен және бірі жабдықтар жөндеумен айналысады.
«Мына бір цех күніне 250 пиджак, 270 шалбар шығару керек, екінші цех әр күні 80 сыртқы киімді дайындап беруі қажет. Цехтарға шетелдерден түрлі тігін машиналары сатып алынады. Бірі тіке тігіс жасайтын әмбебап машина болса, бірі түйме қадайды. Екінші күрделі цехта қалталарды өңдейтін автоматтар, шалбардың балағын жасырын тігіспен тігетін арнайы машиналар, белдіктегі корсаждық лентасын тігетін машиналар және басқа да түрлі техникалар бар», – дейді Г. Игембаева.