2025 жылғы 11 тамызда Төтенше жағдайлар министрлігінде тауда жасөспірімге тас құлаған оқиға туралы хабарланды. Құтқару операциясы теңіз деңгейінен 3800 метр биіктікте өтті, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Zakon.kz сайтына сілтеме жасап.
Мәліметке сәйкес, 10 тамыз күні Алматы қаласы ТЖД Құтқару қызметінің құтқарушылары "Тұйықсу" бақылау-құтқару бекетінен Медеу ауданындағы Титов шыңы маңына аттанған. Ол жерде бір ересек адамның жетегімен үш бала тауға көтерілген.
"Төмен түсу барысында жасөспірімдердің біріне тас құлап кеткен. Құтқарушылар 2009 жылы туған зардап шеккен балаға жетіп, оның білегінің ашық сынғанын анықтады. Жасөспірім есін біліп, өз бетінше қозғала алған", — деп хабарлады ҚР ТЖМ баспасөз қызметі.
Құтқарушылар зардап шеккен жасөспірімді іздестіру-құтқару бекетіне жеткізіп, оны ТЖМ Апат медицинасы орталығының дәрігерлеріне тапсырды.
"Баланың жағдайы – тұрақты", – деп қосты ведомствоның баспасөз қызметі.
Сондай-ақ ТЖМ азаматтарға тасты жерлерде аса сақ болу, құлайтын тастардан сақтанып, тас құлау қаупі бар жерлерде басқа адамдардың астымен көтерілмеу қажеттігін ескертеді.