Бүгінде кәсіптік білім алып, еңбек нарығына ерте араласқан жастардың саны артып келеді. Олардың бірі – Астана қаласындағы кәсіптік техникалық колледждің биылғы түлегі Кирилл Савельев. Жас маман жуырда ғана диплом алып үлгерсе де, қазірдің өзінде елордадағы танымал асханалардың бірінде шеф-кондитер болып жұмыс істейді, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Бар болғаны он сегіз жасқа толған Кирилл қазірдің өзінде тәтті тағамдар дайындауда тұтынушылардың сүйікті маманына айналған. Ол әртүрлі заманауи десерттерді, кондитерлік өнімдерді өз қолымен дайындап, ерекше дәмімен ерекшеленіп жүр. Айына жарты миллион теңге көлемінде жалақы алып отырған жас маман – еңбекқорлықтың, кәсіби шеберліктің және дұрыс бағыттағы мамандық таңдаудың нақты үлгісі.
Кириллдің бұл салаға деген қызығушылығы бала күнінен бастау алған. Үйде үлкен әпкесінің үнемі тәттілер пісіріп жүргенін көріп өскен ол, ерте жастан-ақ аспаздыққа қызығушылық танытып, 16 жасынан бастап еңбекке араласқан. Қазақ тілін жетік меңгерген жігіт – көпұлтты қоғамымыздағы тату өмір мен мәдени үйлесімділіктің дәлелі.
Жас маманның жетістігіне ерекше қуанып жүрген жандардың бірі – колледждегі алғашқы кураторы. Кирилл қазір дәл сол ұстазымен бірге бір мекемеде еңбек етіп жүр. Бұл – ұстаз еңбегінің жемісі мен шәкірт пен ұстаз арасындағы үзілмейтін байланыстың көрінісі. Кирилл алдағы уақытта жоғары оқу орнына түсіп, кәсіби деңгейін одан әрі дамытуды көздеп отыр. Шетелге шығып, әлемдік деңгейдегі кондитерлік мектептерде тәжірибе алмасуды мақсат еткен ол – қазақ жастарының білім мен кәсіпті қатар игеріп, еңбек нарығына еркін бейімделе алатынын дәлелдеген жас маман. Колледждегі ұстаздары Кириллдің кәсіби және адамгершілік қасиеттерін ерекше атап өтеді.
«Жас маман ретінде өз ісіне адал, шеберлігі жылдан-жылға артып келеді. Біз үшін Кирилл – үлгілі түлек», – дейді ұстаздары.