Қарағандыда синтетикалық есірткі таратпақ болған әйел ұсталды, — деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Қарағанды қаласында есірткі қылмысына қарсы жүргізілген жедел шаралар барысында 57 жастағы әйел қолға түсті. Оны Абай ауданы полиция басқармасының қызметкерлері күдік тудырған дерек негізінде ұстаған. Тексеру кезінде күдіктінің сөмкесінен психотроптық зат – эфедрон салынған орама табылды. Сараптама қорытындысына сәйкес, тәркіленген есірткінің салмағы 2,4 граммды құрады. Кейін күдіктінің тұрғылықты мекенжайын тінту кезінде ақ және қоңыр түсті ұнтақ салынған контейнерлер, өсімдік тектес жасыл зат, сатуға дайын 14 орама синтетикалық ұнтақ, зип-пакеттерге салынған тағы үш ұнтақ, есірткі тасымалдаушыларына қатысты жазбалар мен екі телефон, 88 мың теңге көлеміндегі ақша тәркіленді.
Барлық затқа сот-химиялық сараптама тағайындалды. ҚР Қылмыстық кодексінің 297-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалып, күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу амалдары жалғасуда. Полиция азаматтарды есірткіге қарсы күресте белсенді азаматтық ұстаным танытуға шақырады.