Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен сыртқы сауда саясаты және халықаралық экономикалық ұйымдарға қатысу мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысы өтті, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Отырыста галлийге қолданылатын экспорттық кедендік баж мөлшерлемесін 10%-дан 0%-ға дейін төмендету туралы шешім қабылданды. Бұл шара Қазақстанда галлий өндірісін ынталандыруға және экспорт әлеуетін дамытуға бағытталған.
Соңғы жылдары республикада галлий өндірілмегеніне қарамастан, жоғары технологиялық салаларда бұл металлға деген жаһандық сұраныс тұрақты боп тұр. Қазақстанда аталған нарыққа шығуға мүмкіндік беретін жеткілікті ресурс базасы бар, сол себеп еліміз жаһандық жеткізу тізбегінде өз орнын ала алады. Бұл өз кезегінде экспорттық белсенділікті арттыруға, шетел валютасындағы түсімдерді көбейтуге әрі отандық өндірушілердің сыртқы нарықтағы үлесін кеңейтуге жағдай жасайды.
Сонымен қатар ведомствоаралық комиссия түсті металл қорытпаларының барлық көлік түрімен Қазақстан Республикасының аумағынан шығаруға 2025 жылғы 31 желтоқсанға дейін тыйым салу туралы ұсынысты қолдады.
Тыйым өңделмеген мыс, алюминий қорытпалары және қорғасын құймаларына қатысты.
Бұл шара ішкі нарықты стратегиялық шикізатпен қамтамасыз етуге, қосылған құны төмен өнімді сыртқа шығармауға және түсті металдарды ел ішінде өңдеуді ынталандыруға бағытталған.