Елордадағы амфитеатрда «Алтын домбыра» мектебінің 400 оқушысының қатысуымен Ұлттық Домбыра күніне арналған концерт өтті, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Астана қаласы әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Концертті елордалық Мәдениет басқармасы, «Алтын домбыра» мектебі және «Жастар» сарайы бірлесіп ұйымдастырды.«Іс-шара Ұлттық Домбыра күніне арналды.
«Алтын домбыра» өнер мектебінің оқушылары гала-концерт өткізді. Оған шамамен 400 жас домбырашы қатысты», – деді мектеп директоры Ибрагим Ескендір.
Жас музыканттар ұлы күйші-композиторлардың шығармаларын орындады. Сахнадан «Адай», «Балбырауын», «Ерке сылқым», «Талас», «Алаш аманаты» күйлері мен патриоттық туындылар шырқалды.«Алтын домбыра» өнер мектебі 2021 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Оқушылар бұл жерде ұлттық аспапта ойнауды ғана емес, сонымен қатар қазақ халқының мәдениеті мен тарихымен қатар танысып келеді.