Ұлттық домбыра күніне орай Шымкент қаласының кітапханалар жүйесінде рухани мазмұны терең, тағылымы мол іс-шаралар өтті. Әл-Фараби атындағы қалалық ғылыми-әмбебап кітапханасында «Нағыз қазақ – Домбыра» атты күй кеші ұйымдастырылып, оқырмандарға ұлттық өнерімізді насихаттайтын кітап көрмесі таныстырылды, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Шара барысында Қызғалдақ сарайының «Қазақ ұлт-аспаптар» ансамблі мен тұрақты оқырман Елмұрат Мұқағали «Адай», «Балбырауын», «Ертұран» секілді күйлерді нақышына келтіріп орындап, көрерменнің рухын асқақтатты.Шымкент қаласының орталықтандырылған көпшілік кітапханалар жүйесі №8 кітапхана бөлімшесінде өткен «Домбыра – ұлттың үні» атты әдеби-әуенді кеш те жас ұрпаққа ұлттық құндылықтарды дәріптеуге бағытталды. Сәуле өнер мектебінің ұстазы Динара Төреқұлқызы шәкірттерімен бірге өнер көрсетіп, тарихшы-ғалым Арман Сүйіндікұлы мен белгілі өнерпаздар кештің мазмұнын тереңдете түсті.
Ал балаларға арналған орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің №14 кітапхана бөлімшесінде «Күмбірле, қоңыр домбыра» атты танымдық сағат өтті. Домбыраның шығу тарихы, түрлері мен құрылысы туралы қызықты мәліметтер ұсынылып, ұлттық аспаптың рухани маңызы кеңінен түсіндірілді. Шара барысында халық күйлері орындалып, «Домбыра – халық мұрасы» атты кітап көрмесіне шолу жасалды.
Бұл шаралар арқылы жас буынның дәстүрлі музыкаға қызығушылығы артып, ата-баба мұрасына деген құрметі одан әрі нығая түскені сөзсіз. Домбыра – ұлттың үнін, рухын, тарихын жеткізетін асыл қазына.