Ақтөбе қаласының тұрғыны абаттандыру қағидаларын қасақана бұзған, - деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Атап айтқанда, күндізгі уақытта 42 жастағы ер азамат өз көлігіне тұрмыстық қалдықтарды, оның ішінде жиһаздарды тиеп әкеп, олардың барлығын Сәңкібай батыр даңғылында қоқыс контейнерлерінің бірінің қасына қалдырған. Бұзушының бұл әрекеті жедел басқару орталығының бейнебақылау камераларының назарына ілігіп, полиция қызметкерлері оның жеке басын жедел анықтады. Ер азаматтың қаланың басқа көшесінде тұратыны да белгілі болды. Нәтижесінде айналадағы ортаның тазалығына бейжай қараған тұрғын жауапқа тартылды. Мұндай бұзушылықты алғаш рет жасағандықтан, оған ескерту беріліп, профилактикалық әңгімелесу жүргізілді. Сонымен қатар учаскелік полиция инспекторлары аталған азаматқа мұндай қалдықтарды апару және жою орындары туралы толығырақ түсіндірме берді. Ең бастысы, ер адамнан келтірілген залалды жойып, қалдырған тұрмыстық қалдықтарды қайта әкету талап етілді.
Ақтөбе облысы ПД табиғатты қорғау полициясы тобының инспекторы Серік Елеуовтің айтуынша, қала тұрғындарының ірі көлемді тұрмыстық қалдықтарды қоқыс контейнерлерінің қасына тастау, қоршаған ортаны ластау жағдайлары жиі кездесіп отыр. Жыл басынан бері өңірде мұндай бұзушылықтардың 5 мыңнан аса дерегі анықталды. "Таза Қазақстан" республикалық экологиялық акциясы аясында полиция қызметкерлері барлық азаматтарды абаттандыру ережелерін, қоршаған ортаның тазалығын сақтауға және туған жеріне жауапкершілікпен қарауға шақырады.