Алматы әкімі Дархан Сатыбалды Алатау ауданына жұмыс сапарымен барды. Сапар барысында ол Қарасу көлінің жанындағы скверді көріктендіру, Боралдай және Рахат-Мәдениет шағын аудандарындағы инженерлік желілердің құрылысы, сондай-ақ, Ақбұлақ шағын ауданындағы жаңа мектептің салыну барысымен танысты, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қарасу скверінде қазіргі уақытта көгалдандыру, амфитеатр, арт-нысандар мен жарық жүргізу жұмыстары қолға алынған. Боралдайда 76 шақырым инженерлік желі тартылып жатыр.Рахат-Мәдениет шағын ауданында 14 мыңнан астам тұрғын орталықтандырылған ауыз су және кәріз жүйесімен қамтамасыз етіледі.Ақбұлақта 1500 орындық мектептің құрылысы аяқталуға жақын – жұмыстың 90%-ы орындалған.Сондай-ақ, Момышұлы көшесі бойындағы жасыл аймақты көркейту жобасы таныстырылды. Жұмыстарды биылғы маусым айында аяқтау жоспарланып отыр.Әкім өмір сүруге жайлы әрі қолайлы орта қалыптастыру – әкімдіктің басым бағыттарының бірі екенін атап өтті.
