Астанадағы М.Жұмабаев атындағы Халықаралық жоғары колледжде орта арнаулы оқу орындарының оқытушыларына арналған кейс-сессия өтті. Іс-шара студенттерді Республикалық WorldSkills чемпионатына даярлау аясында ұйымдастырылды, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Кейс-сессия «Бастауыш сыныптарда оқыту» біліктілігі бойынша студенттерді даярлау тақырыбына арналды. Жиынға Астана қаласының Білім басқармасы мен әдістемелік орталығының өкілдері, сондай-ақ педагогикалық бағыттағы астаналық колледждердің оқытушылары қатысты.Сессия барысында 2023 және 2024 жылдардағы WorldSkills Kazakhstan чемпионаттарының бас сарапшысы, Б.Ахметов атындағы Педагогикалық жоғары колледжінің арнайы пәндер оқытушысы Ульяна Комлева баяндама жасады. WorldSkills чемпионатына қатысушыларды тәжірибесі бар, практикалық және оқыту дағдыларын меңгерген сертификатталған сарапшылар дайындайды. Дайындықты жоспарлау кезінде тәжірибеге бағытталған оқыту мен әрбір қатысушыға жеке көзқарас көрсетуге ерекше назар аударылды.

Еске салайық, 16-30 мамыр аралығында елордадағы 15 колледж базасында кәсіби шеберлік бойынша WorldSkills Astana-2025 өңірлік чемпионаты оныншы рет өткізіліп жатыр.Чемпионат аясында ерекше білім беру қажеттіліктері бар білім алушылар арасында – Abilympics, есту қабілеті бұзылғандар арасында – Deafskills, мектеп оқушылары арасында – Jasskills шеберлік байқаулары да өтеді.