Ұлытау облысында іздестіру-құтқару оқу-жаттығулары өтті, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі ҚР Көлік министрлігіне сілтеме жасап.
Іс-шара авиациялық оқиға кезінде қызметтердің келісілген жедел әрекет ету алгоритмін тәжірибеде қолдануға бағытталған. Оқу-жаттығуға Жезқазған қаласы және Ұлытау облысы Төтенше жағдайлар департаментінің жеке құрамы мен бөлімшелері, Қазаэронавигацияның іздестіру-құтқару жұмыстарын үйлестіру орталығының диспетчерлері мен Жезқазғандағы филиал қызметкерлері, ҚР ТЖМ Жедел басқару және стратегиялық жоспарлауды басқару орталығының қызметкерлері, Ұлытау облысының денсаулық сақтау қызметі қатысты.Іздестіру-құтқару жаттығуы аясында арнайы сценарий қарастырылды. Имитацияға сәйкес Жезқазған қаласынан 100 шақырымдық жерде төрт зардап шеккен жолаушысы бар апатқа ұшыраған ұшақты тауып, зардап шеккендерді эвакуациялау және оларға алғашқы медициналық көмек көрсету, кейіннен медициналық мекемелерге жеткізу бойынша іс-шаралар жүргізілді.
Бұл жаттығу барлық жедел қызметтердің дайындығы мен өзара іс-қимылын тексеруге, байланыс тиімділігін, әрекет ету жылдамдығын және жеке құрамның кәсіби дайындық деңгейін бағалауға мүмкіндік берді. Оқу-жаттығу басшылығы өңірдегі әуе қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін мұндай шараларды жүйелі түрде өткізу маңызды екенін айтты.