Өскеменде көлік полицейлері есірткі сатқан азаматты ұстады, - деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Өскемен қаласында көліктегі полиция департаментінің қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шаралары барысында есірткі құралдарын заңсыз сатты деген күдікпен 29 жастағы жергілікті тұрғынды ұстады. Күдіктіге жеке тексеру жүргізу кезінде оның қалтасынан балалар ойыншығына арналған футляр табылып, ішінен есірткі тұтынуға арналған құрылғы шықты. Сонымен қатар санкция бойынша жүргізілген тінту кезінде оның автокөлігі мен тұрғылықты мекенжайынан марихуана салынған полиэтилен пакеттері тәркіленді. Сараптама қорытындысы алынған есірткінің жалпы салмағы 30 грамм екенін көрсетті. Тергеу барысында ұсталған азаматтың бұған дейін есірткі затын ақшаға сатқан фактісі де анықталды. Осы дерек бойынша көлік полицейлері ҚР Қылмыстық кодексінің тиісті баптары бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдарын жүргізді.
2025 жылғы 21 сәуірде Өскемен қалалық сотының үкімімен құқық бұзушы 5 жылға бас бостандығынан айырылды. Сот үкімі заңды күшіне енді. Айта кету керек, жыл басынан бері көліктегі полиция департаменті қызметкерлері есірткі айналымына қатысты 152 құқық бұзушылықты әшкереледі. Олардың ішінде 27 сату, 6 аса ірі көлемде сақтау және 4 контрабанда фактісі тіркелді. Заңсыз айналымнан 18 келіден астам түрлі есірткі заттары тәркіленді.