Елордада «Орда базар» – «Үркер» ТА» бағытындағы жаңа қалалық бағдар іске қосылады, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің тапсырмасы және «Үркер» елді мекені тұрғындарының өтініші бойынша 19 тамыздан бастап «Орда базар» – «Үркер» қатынасымен №45 қалалық маршрут іске қосылады.
Бағыттың қозғалыс сызбасы Алаш тас жолы («Орда базар») – Бөгенбай батыр даңғылы – Республика даңғылы – Қабанбай батыр даңғылы – Сарайшық көшесі – Мұхамедханов көшесі – Ш.Айтматов көшесі – Қорғалжын тас жолы – ары қарай «Үркер» ТА арқылы өтеді.
Автобустарды нақты уақыт режимінде қадағалау 2ГИС қосымшасында да қолжетімді.
Айта кетейік, қоғамдық көлікте жолаушылар бетперде режимін сақтауы тиіс. Автобусқа бетпердесіз кіруге болмайды. Жол ақысы қолма-қол ақшасыз төленеді: көліктік карта көмегімен немесе QR-код сканерлеу арқылы.