Алматылық мәнерлеп сырғанаушы Михаил Шайдоров Бостонда өткен әлем чемпионатында күміс медаль жеңіп алды, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қала әкімдігінде спортшыны Алматы әкімінің орынбасары Бейбіт Шаханов құттықтап, 2,5 миллион теңге көлемінде ақшалай сертификат табыс етті. Михаил Алматы мен Қазақстанды халықаралық аренада даңққа бөлеп, мақсаткерлік пен табандылықтың үлгісін көрсетті. «Сіз жүздеген жас спортшыға шабыт бердіңіз. Әсіресе, сіздің жаттықтырушыңыз Әсем Қасановаға кәсібилігі мен қазақстандық мәнерлеп сырғанауды дамытуға қосқан үлесі үшін алғыс айтамыз», — деді Шаханов.«Бұл менің ғана емес, көпшіліктің еңбегінің нәтижесі әрі бүкіл елдің жеңісі», - деп Михаил қолдау көрсеткені үшін қала әкімдігіне алғыс айтты.