Күн тәртібінде «Ауыл аманаты» жобасын іске асыру барысы мен ауылдық елді мекендерге жүргізілген скрининг нәтижелері қаралды, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Скрининг 220 ауылдық елді мекенді қамтыды. Жұмыс «Ауыл аманаты» жобасы аясында Ұлттық экономика министрлігі, облыс әкімдіктері және «Amanat» партиясымен бірлесіп жүргізілді.
Мақсат – болашағы бар инвестициялық жобаларды іріктеу және облыстық маңызы бар аудандар мен қалалардың даму жоспарларын нақтылау.
Барлығы 55 млрд теңге көлеміндегі 6 мыңнан астам жоба өңірлік даму басымдықтарына баса назар аударылды. Қазіргі уақытта ауылдық инвестициялық жобаларды бағалаудың бірыңғай әдістемесі әзірленіп жатыр. Ол инфрақұрылым, демография, жұмыспен қамту құрылымы мен ресурс базасын ескере отырып, жобалардың тиімділігін әділ бағалауға және табысты тәжірибелерді ел бойынша кеңінен енгізуге мүмкіндік береді.
Қанат Бозымбаев 15 мамырға дейін әдістемені әзірлеуді, ал 15 маусымға дейін облыстық маңызы бар қалалар мен әрбір ауданның бес жылдық даму жоспарларын маслихаттарда бекітуді тапсырды. Бұл құжаттар келісілген тәсілдер мен әлеуметтік инфрақұрылымды ескере отырып дайындалуы тиіс.
«Облыс әкімдіктері «Ауыл аманаты» жобаларын скринингпен айқындалған басым бағыттарға сәйкестендіру жұмысын 25 сәуірге дейін аяқтауы қажет», — деді вице-премьер.
Отырыста ауылдық жерлерде шағын өнеркәсіптік аймақтар (ШӨА) құру мәселесіне де ерекше назар аударылды. Қазірдің өзінде кейбір өңірлерде, мысалы, Түркістан облысында бұл жобалар іске қосыла бастады.
Вице-премьер облыс әкімдіктеріне және «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ-ға Қостанай, Павлодар, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Қызылорда, Алматы, Ақмола және Түркістан облыстарында 10 пилоттық ШӨА жобасын іске қосуды мамыр айының соңына дейін бастау жөнінде тапсырма берді.
Сондай-ақ Шығыс Қазақстан, Қызылорда, Түркістан облыстары мен Қонаев қаласының әкімдіктері «Ауыл аманаты» бағдарламасын іске асыру бойынша өз ұсыныстарын таныстырды. Нәтижесінде вице-премьер Ұлттық экономика министрлігіне ауылдық елді мекендер мен шағын қалаларда микрокредит беру мен лизинг ережелерін 10 мамырға дейін бекітуді тапсырды. Жобалық офис жұмысты өңірлерге шығып, жергілікті әкімдіктердің атқарған жұмыстарын тыңдау арқылы жалғастырады.