ҚР Парламенті Мәжілісінде «AMANAT» партиясы фракциясының кеңейтілген отырысы өтті. Оған партия төрағасы Ерлан Қошанов, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Тамара Дүйсенова, ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров, салалық ведомство басшылары қатысты. Жиында «Ауыл аманаты» жобасын жүзеге асыру мәселесі қарастырылды. Вице-премьер Тамара Дүйсенова ауыл тұрғындарының табысын арттыруға бағытталған бағдарламаның тиімділігін арттыру шеңберінде атқарылып жатқан шаралар туралы айтты, деп хабарлайды kazlenta.kz.
Премьер-Министрінің орынбасары бағдарламаға ауыл тұрғындары арасында сұраныстың жоғары екенін атап өтті. Былтыр бөлінген қаржыға 12 мыңнан аса адам шағын несие алып, өз бизнесін ашуға, дамытуға мүмкіндік алды. Биыл бағдарлама аясында 100 млрд теңге қарастырылды. Қаржыны тиімді игеру үшін ауылдық округтерде ауқымды скрининг жүргізіліп, әр елді мекеннің бейімділігі анықталды. Аталған іс-шара нәтижесі бойынша облыс әкімдіктерімен жекелей кеңес өткізіліп, әр өңір ерекшелігін ескере отырып, негізгі бағыттар айқындалды.
«Бағдарламаны іске асыру барысында әр облыстың қажеттілігі әр түрлі болып шықты. Кейбірінде жеке қосалқы шаруашылықтар несие алып, кооперацияға біріктіріледі, ал өндірілген өнімді кооператив өздері сатпақ. Басқа салаларда несие алған шаруалар жеке кәсіпкер немесе шаруа қожалығы ретінде тіркеліп, тауарын зәкірлік серіктестерге, тұрақтандыру қорларына, базарларға, ірі кәсіпорындарға тапсырады. Біз үшін шаруалардың өнімдерін өткізу тізбегін жолға қою маңызды», — деп атап өтті Тамара Дүйсенова.
Бағдарламаға қатысу ыңғайлы болуы үшін «Ауыл аманаты» жаңа ақпараттық платформасы әзірленді. Ол тиісті құжаттарды онлайн тапсыруға, қатысушыларды есепке алу, бөлінген қаражаттың мақсатты жұмсалуын бақылауға мүмкіндік береді. Жүйе 1 сәуірден бастап іске қосылады деп жоспарланып отыр.
«Ауыл аманаты» жобасымен қамтылған ауылдарда басқа да бағдарламалардың қаражатын шоғырландыру тетігі пысықталды. Яғни кейбір тұрғындар несиені осы жоба арқылы, жастары – Еңбек министрлігінің желісі арқылы берілетін жеңілдетілген несиені, ал халықтың әлеуметтік осал топтарына кіретін азаматтар жергілікті әкімдіктердің 1,2 млн теңге көлеміндегі гранттарын алу мүмкіндігі қарастырылды. Сондай-ақ жобаға қатысушыларға жұмыс істемейтін, кәмелет жасындағы отбасы мүшелерін немесе ауылдағы жұмыссыз азаматтарды әлеуметтік жұмыс орындарына тарту мүмкіндігі бар.
Жобаға қатысушылар немесе бағдарлама аясында жұмыспен қамтылғандар Отбасы банкінің 1 наурыздан бастап жүзеге асырылатын жаңа ипотекалық бағдарламасы «Отау» арқылы тұрғын үй ала алады.
«Біздің түпкі мақсат – ауыл тұрғындарының табысын арттырып, тұрмысын жақсарту. Барлық облыс әкімдері өз KPI-индикаторларын бекітті. Көрсеткіштер облыстық, аудандық және ауылдық деңгейде бақыланатын болады», — деді Тамара Дүйсенова.