Вице-премьер Қанат Бозымбаев аудандардың, аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдардың, кенттердің және ауылдық округтердің әкімдері үшін біліктілікті арттыру бағдарламасын іске қосуға қатысты. Рәсім ведомство басшысы Дархан Жазықбайдың төрағалығымен Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің қабырғасында өтті, деп хабарлайды kazlenta.kz тілішсі Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Әкімдер мектебі» Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының базасында, оның облыстардағы және республикалық маңызы бар қалалардағы филиалдары арқылы іске асырылады.
Оқыту жобасы экономика, мемлекеттік басқару, бюджеттік жоспарлау, коммуналдық меншікті басқару, цифрландыру, тәуекел-менеджмент, кәсіпкерлікті дамыту және инвестициялар тарту саласында 17 модуль мен 240 академиялық сағатты қамтиды.
«2021 жылдан бастап ауыл әкімдерін сайлау азаматтардың жергілікті өзін-өзі басқаруға белсенді қатысуын қамтамасыз етіп, әкімдердің жауапкершілігін арттырды. Содан бері 2,5 мыңнан астам ауыл әкімдері сайланды. Олардың 60%-ы бұрын әкім болмаған және мемлекеттік қызметте жұмыс істемеген. Кейбіреулері кәсіп иелері немесе партия қызметкерлері. Осылайша, әкімдер корпусы айтарлықтай жаңартылды. 2023 жылы аудандар мен облыстық маңызы бар қала әкімдерінің пилоттық сайлауы өтті. Барлық өңірлерде 45 әкім сайланды. Биылдан бастап барлық ауданның әкімі тікелей сайлау арқылы ғана қызметке кіріседі. Осыған байланысты, бүгінгі «Әкімдер мектебін» іске қосу уақтылы әрі орынды шешім деп санаймын. Біліктілікті арттыру бағдарламасы ауылдық аймақтардың дамуына жаңа серпін беріп, халықтың тұрмыс деңгейін жақсартуға мүмкіндік береді», — деді Қанат Бозымбаев құттықтау сөзінде.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында «Аmanat» партиясының оң тәжірибесін ескере отырып, МҚІА-мен бірлесіп сайланған әкімдер мен түрлі деңгейдегі басшыларды кешенді даярлау бағдарламасын іске қосуды тапсырған болатын.