Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына Жолдауында ауыл әкімдерін тікелей сайлауды енгізу қажеттігін баса айтқан болатын. Осыған орай биыл алғаш рет ауыл әкімдерін тікелей сайлау өткізіледі. Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен кеңесте алдағы сайлауға дайындық мәселелері талқыланды, деп хабарлайды kazlenta.kz.
Кездесуге «Nur Otan», «Ауыл» ХДПП, «Aq jol» ДП, «Қазақстанның Халық партиясы», «ADAL» партиясы филиалдарының өкілдері қатысты.
Жиында облыстық аумақтық сайлау комиссиясының басшысы Серғали Айдапкелов баяндама жасады.
Оның айтуынша, ауылдық округ әкімдерін сайлау шілде, қыркүйек, қазан, желтоқсан айларында өтеді. Тұрғындар 97 сайлау учаскесі арқылы дауыс бере алады.
- Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2021 жылдың мамыр айында аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдардың, кенттер мен ауылдық округтердің әкімдерін тікелей сайлауды қарастыратын түзетулерге қол қойған болатын. Әкімнің заңмен белгіленген өкілеттік мерзімінің аяқталуы сайлауды тағайындауға негіз болып табылады. Кандидат 25 жастан асқан, сотталмаған, Қазақстан Республикасының азаматы, жоғары білімді болуы шарт, - деді С.Айдапкелов.
Жақында тіркелген саяси партиялардың кандидаттарды ұсыну үрдісі басталады. Сайлауға өзін-өзі ұсынған кандидаттар да қатыса алады. Ол үшін сол ауыл тұрғындарының яғни сайлаушылардың кем дегенде 1 пайызының қолын жинау қажет.
- Ұсынылған кандидаттардың саны екіден аз болса, аудан әкімдері балама үшін өз кандидаттарын ұсынуға құқылы. Аудан әкімдері үміткерлерді жергілікті тұрғындармен келісе отырып таңдайды, - деді С.Айдапкелов.
Облыс әкімі бұл сайлаудың маңыздылығын, оған сапалы дайындалу керектігін атап өтті. Сайлау комиссияларының, жергілікті атқарушы органдардың өзара тиімді әрекетіне негізделген шаралар қабылдауды, сайлаудың барлық қатысушыларының заңнаманы қатаң сақтауын қамтамасыз етуді тапсырды.
- Алдағы сайлау халықтың билікке деген сенімін және әкімнің ауыл тұрғындары алдындағы жауапкершілігін күшейтеді. Сонымен қатар, ауыл әкімінің олардың мәселелері бойынша шұғыл әрекет ету қабілетін арттырады, - деді облыс әкімі.
Сондай-ақ, кеңес барысында пандемия жағдайында сайлауға қатысушылардың денсаулығын қорғау шаралары да назарға алынды.