Кентау полицейлері тұрғындарға ақпараттық түсіндіру жұмыстарын жүргізді, – деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Цифрландырудың қоғам өміріндегі рөлі артып келеді. Бүгінде мемлекеттік, банктік және басқа да қызметтерді онлайн-режимде алу мүмкіндігі халықтың уақытын үнемдегенімен, интернет-алаяқтардың әрекеттері салдарынан көптеген қиындықтар туындауда. 2024 жылы республика көлемінде 17 мыңнан астам интернет-алаяқтық тіркеліп, азаматтарға жалпы сомасы 28,7 миллиард теңге көлемінде шығын келгені тіркелген.
Интернет-алаяқтықтың алдын алу мақсатында Түркістан облысының Кентау қаласында полиция қызметкерлері ақпараттық түсіндіру іс-шарасын ұйымдастырды. Қаланың түрлі аудандарында, атап айтқанда, базарларда, автотұрақтарда және көпқабатты үйлердің арасында полицейлер арнайы дыбыс бергіш автокөлік арқылы қала тұрғындарына сақтық шаралары туралы түсініктеме берді. Осы іс-шара аясында 2200 брошюра таратылып, интернет алаяқтардың әрекетіне қалай қарсы тұру керектігі жөнінде маңызды ақпарат жеткізілді.
Сонымен қатар қаланың әр жерінде орнатылған LED экрандарда күніне 21 рет интернет-алаяқтықтың алдын алуға бағытталған бейнероликтер көрсетілуде. Бұл бейнематериалдар интернет пайдаланушыларына ақпараттық сауаттылықты арттырып, алаяқтардың айла-тәсілдерінен сақ болуға шақырады.
Түркістан облысының полиция департаменті мұндай түсіндіру жұмыстарын жалғастыра отырып, азаматтардың интернет қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ерекше назар аударуда. Бұл шаралар тұрғындар арасында ақпараттық мәдениетті дамытуға, олардың құқықтары мен мүдделерін қорғауға бағытталған маңызды қадам.