Түркістан облысында полиция жасөспірімдерге қатысты 200 құқық бұзушылықты анықтады, – деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Облыс орталығында полицейлердің ұйымдастыруымен еріктілер, мұғалімдер, БАҚ өкілдерінің қатысуымен рейдтік-профилактикалық шара өткізілді. Сағат 22:00-ден кейін Түркістан қаласындағы кафе-барлар, ресторан, ойын клубтары түгелімен тексерілді. Нәтижесінде бірқатар жасөспірімдер анықталып, полицияға жеткізілді. Олардың өздері мен ата-аналарына түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Заңға сәйкес тиісті әкімшілік шара қолданылды.
Мәселен орталық көшелердің бірінде орналасқан ойын клубын тексеру кезінде, 6 жасөспірім анықталды. Жасөспірімдердің ата-аналары мен ойынхана әкімшілігінен түсініктеме алынды, хаттама толтырылды. Келесі бір көңіл көтеретін орыннан 17 жастағы жасөспірімнің досымен қыдырып жүргені анықталды.
Жалпы “Түнгі қаладағы балалар” профилактикалық іс-шарасының бірінші күні облыс полицейлері кәмелетке толмағандарға қатысты 200 әкімшілік құқық бұзушылықты анықтады. Атап айтсақ, балаларын тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін орындамаған 17 ата-ана жауапқа тартылды. Түнгі сағат 22:00-ден кейін ойын-сауық орындарында кәмелетке толмағандардың болуына жол берген 8 ойын-сауық орындарының иелеріне шара көрілді.
Қоғамдық орында мас күйде жүрген 1 жасөспірім анықталды. Ал кәмелетке толмағандардың заңды өкілдерінің еріп-жүруінсіз түнгі уақытта ойын-сауық мекемелерінде немесе тұрғынжайдан тыс жерде болуы бойынша 157 жасөспірімнің ата-анасына хаттама толтырылды. ІІО-да профилактика есебіне құқық бұзушылыққа бейім 21 кәмелетке толмаған мен 10 қолайсыз отбасы алынды.
Тәртіп сақшылары атқарған үздіксіз шаралардың нәтижесінде осы жылдың 9 айында облыста кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстар 6%-ға төмендеген. Көбіне жасөспірімдермен тіркелген қылмыс түрі ұрлық болып табылады. Өз кезегінде облыс полицейлері ата-аналарға ұл-қыздарын беймезгіл уақытта қараусыз жібермеуді ескертеді.