Түркістан облысының аумағында жедел-профилактикалық іс-шара өткізілген үш тәулік ішінде полиция қызметкерлері 680-нен астам әкімшілік құқық бұзушылықтың жолын кесті, – деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Балаларды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамағаны үшін 60 ата-ана жауапқа тартылды. Кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта заңды өкілдерінсіз тұрғын үйден тыс жерде болуының 572 фактісі анықталды.
Сондай-ақ жасөспірімдердің сағат 22:00-ден кейін ойын-сауық орындарында болуының 21 фактісі, ұсақ бұзақылықтың 14 дерегі және қоғамдық орында мас күйінде болудың 3 фактісі анықталды.
Мәселен полицейлер Ордабасы ауданында түнгі рейд барысында кәмелетке толмаған жасөспірімді мас күйінде анықтап, ата-аналарын жауапқа тартты. Ал Кентау қаласында заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз сағат 22:00-ден кейін дәмханада болған жасөспірім анықталды. Мекеме иесі мен кәмелетке толмаған баланың ата-анасына қатысты әкімшілік хаттама толтырылды.
Құқық бұзушылық жасауға бейім 36 кәмелетке толмаған мен 25 қолайсыз отбасы профилактикалық есепке алынды.
Сонымен қатар жасөспірімдер арасында құқықтық мәдениетті қалыптастыру шеңберінде полицейлер оқу орындарында құқық бұзушылықтардың алдын алу және жол қозғалысы ережелерін сақтаудың маңыздылығы бойынша түсіндірме өткізуде.
Айта кетейік, “Жасөспірім” жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізу жасөспірімдер қылмысының алдын алуға, жасөспірімдердің түнгі уақытта үйден тыс жерде болуына және басқа да құқық бұзушылықтарға жол бермеуіне бағытталған.