Қызылорда облысында полиция қызметкерлері “Учаске” ЖПІШ барысында 3,5 мыңнан астам құқық бұзушылықты анықтады, – деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің нұсқауына сәйкес 16 қыркүйектен бастап облыс көлемінде “Учаске” жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізіліп жатыр.
Іс-шараның басты мақсаты – әкімшілік аймақта қылмыс пен құқық бұзушылықты болдырмау, учаскелік полиция инспекторларының және жалпы ішкі істер органдарының имиджі мен беделін көтеру, халық арасындағы сенімін арттыру, тығыз қарым-қатынасты орнату, заңсыз қаруларды анықтау және көші-қон жағдайына бақылау жасау.
Іс-шара кезінде 11318 пәтер және 35740 жеке үй тексерілді.
Тексеру барысында облыс көлемінде барлығы 10 пәтер заңсыз жалға ұсынылып жатқандығы анықталып, олар бойынша шешім қабылдау мақсатында құжаттар жинақталып, мемлекеттік кірістер басқармасына ұсыныс жолданды.
Қазақстан Республикасында тiркеусiз не жеке басты куәландыратын құжаттарсыз тұрғаны үшін 379 азамат әкімшілік жауапқа тартылды.
Үй-жайларда нақты тұрмайтын жеке тұлғаларды тiркеуге жол бергені үшін 12 тұрғынжай иесіне қатысты әкімшілік хаттама ресімделді.
Іс-шара барысында 3633 әкімшілік құқық бұзушылық анықталса, оның 341-і жасөспірімдерге қатысы болғаны үшін ата-аналары жауапқа тартылды.
Ішкі істер органдарына тіркелмеген 16 қару жарақ анықталса, оның 12-сі тегіс ұңғылы аңшы мылтығы, біреуі травматикалық, үшеуі электр қару болған. 4820 қару иесі тексеріліп, азаматтық және қызметтік қару айналымы қағидаларын бұзғаны үшін 19 қару иесіне әкімшілік хаттама ресімделді. Сонымен бірге қаруды тiркеу (қайта тiркеу) не оны есепке қою тәртібін бұзудың жеті дерегі анықталып, тиісті шешім қабылданды.
Жедел-профилактикалық іс-шара жалғасып жатыр.