Жамбыл облысында Дельта-Долина қызметкерлері есірткі сатумен айналысатын азаматты ұстады, – деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Жамбыл облысында ПД “Дельта-Долина” ауданаралық есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бөлімі Жамбыл облысының прокуратурасымен бірлесіп, аса ірі мөлшерде есірткі өткізу дерегінің жолын кесті.
Күдікті Мойынқұм ауданында “Қарасора-2024” жедел-алдын алу іс-шарасы барысында ұсталды.
Қызметкерлер Алматы – Екатеринбург тас жолының 430-шақырымында Алматы облысының 31 жастағы тұрғынының басқаруындағы LADA (ВАЗ) автокөлігін тоқтатты.
Тексеру барысында Тэя атты қызметтік иттің көмегімен автокөліктің салонынан 3 келі “гашиш” есірткі заты табылып, тәркіленді.
Күдіктінің айтуынша, ол өзінің ауылынан жабайы қарасора тауып, оны жинап, кептіріп, үйінде сақтаған. Содан кейін кофе тартқышта ұнтақтап, үлкен партияны полиэтилен пакеттерге ораған. Аталған пакеттерді Көкшетау қаласына тасымалдау кезінде ер адам ұсталды.
– Аса ірі мөлшердегі есірткі заттарын сату мақсатында заңсыз дайындау, өңдеу, сақтау фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Ұсталған адам өз кінәсін мойындады, – деді ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы бастығының м.а. Асқар Жұмабеков.