Испанияның Понтеведре қаласында өтіп жатқан күрес түрлерінен 20 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы әлем чемпионатында Қазақстан қоржынына екі медаль түсті, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Zakon.kz сайтына сілтеме жасап.
Грек-рим күресінен 55 келіде сынға түскен Айбек Айтбеков өз салмағында үздік үштікке енді. Айбек кіші финалда молдовалық Максим Сармановты 10:1 есебімен жеңді. Бұл салмақта алтынды Иран, күмісті АҚШ балуаны иеленсе, тағы бір қола жүлде ресейлік Әлібек Амировтің еншісінде.
87 келі салмақта сынға түскен Темірлан Тұрдақын да әлем чемпионатында үздіктер қатарынан көрінді. Қола медаль үшін күресте Темірлан армениялық Рубен Геворгянды жеңді. Тағы бір қола медальді Грузия балуаны иеленген.
Еске салайық, бүгін тағы екі қазақстандық балуан Юсуп Ашрапов пен Ислам Евлоев әлем чемпионатының финалына шықты.
Грек-рим күресінен 67 келіге дейінгі салмақта белдескен Юсуп Ашрапов Украина мен Грузия балуандарын жеңіп, жартылай финалда ресейлік Грайр Огенасяннан 7:5 есебімен басым түсті. Юсуфтың финалдағы қарсыласы - ирандық Ахмадреза Мохсен Нежад.
Сондай-ақ, 82 келідегі Ислам Евлоев та финалда белдеседі. Жартылай финалда Исламның қарсыласы кілемге шыққан жоқ. Ақтық сында қазақстандық балуан Түркия өкілі Альперен Бербермен белдеседі.