Астанада Сарыарқа ауданы әкімдігінің бастамасымен Халықаралық балаларды қорғау күні қарсаңында мүмкіндігі шектеулі балалар елорданың көрікті жерлерін қосқабатты туристік автобуспен аралады, деп хабарлады kazlenta.kz тілшісі елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Сарыарқа ауданы Ішкі саясат бөлімінің бас маманы Бибігүл Жақсыбайдың сөзінше, экскурсияға мүмкіндігі шектеулі 25 бала ата-анасымен бірге шақырылған.
Бас маманның айтуынша, ауданда 1 маусым – Балалар күніне арналған бірқатар шара жоспарланған.«Бүгінгі экскурсия мерекелік шаралардың бастауы деп айтуға болады. Сарыарқа ауданында Халықаралық балаларды қорғау күні мерекесіне арналған бірқатар іс-шара өтеді. Мереке күні «Көктал» және «Қорғалжын» саябақтарында және Есіл өзені жағалауында мерекелік концерттер өтетін болады», - дейді әкімдік өкілі.Елорда тұрғыны Айгүл Бектаева да экскурсияға баласымен бірге шақырылып, топпен бірге қаланың көрікті жерлерінде болды.
Экскурсия барысында ерекше балалар шаһардың көрікті жерлерін аралады. Атап айтқанда, «Бәйтерек» монументі, туристер көп жиналатын ЭКСПО қалашығы, Бейбітшілік және келісім сарайы мен Тәуелсіздік алаңында және Есіл өзенінің жағасында орналасқан Орталық саябақта серуендеді.