ҚР Премьер-Министрі Олжас Бектенов Батыс Қазақстан облысына жұмыс сапары барысында азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен танысып, өңірдің агроөнеркәсіптік кешенін дамыту туралы баяндама тыңдады, деп хабарлайды kazlenta.kz.
«World Green Company» ЖШС көкөніс өсіретін жылыжай кешеніне барған Үкімет басшысы ондағы технологиялық үдеріспен танысып, дайын өнімдерді қарап шықты.
Жылыжай аумағында көкөніс өсіруге барлық қажетті жағдай жасалған: суару, желдету, көлеңкелеу, ылғалдандыру, салқындату, жылыту және басқа да жүйелер жұмыс істейді, бір жылда мұнда 6 мың тоннадан астам қияр мен қызанақ өндіріледі.
«Біздің жылыжайымыз – голландиялық төртінші буын технологиясымен салынған және барлық заманауи элементтерді қамтитын жоғары технологиялық жоба. Қазіргі таңда 190 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отырмыз, олардың барлығы облысымыздың тұрғындары. Өнімдер жергілікті нарыққа шығарылады, сонымен қатар Қазақстанның көршілес облыстары мен Ресейдің жақын аймақтарында сұранысқа ие», — деді кәсіпорын басшысы Мұрат Ибрагимов.
Еліміздегі өнеркәсіптік жылыжайлардың жалпы ауданы бүгінде 223,1 га құрайды, инвестициялық субсидиялау қағидалары шеңберінде жылыжай бизнесін ынталандыру үшін шығыстарды өтеу 25%-дан 30%-ға дейін ұлғайтылды. Сондай-ақ тыңайтқыштар, өсімдіктерді қорғау құралдары, егіндік суы, қияр және қызанақ тұқымдары құнының 50%-ы субсидияланады.
Премьер-Министр ішкі нарықты отандық ауыл шаруашылығы өнімдерімен қамтамасыз етудің маңыздылығына назар аударды.
«Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығын дамытуды қолдайды. Биыл АӨК қолдау шаралары аясында 430 млрд теңге қарастырылды. Алайда, Президенттің тапсырмасы бойынша біз бұл соманы екі есеге арттырамыз. Сондықтан бізде ауыл шаруашылығы өндірісінің көлемін ұлғайту перспективасы жоғары, енді белсенді жұмыс істеу қажет. Мемлекет тарапынан қажетті көмек көрсетіледі», — деді Олжас Бектенов.
Сондай-ақ мұнда Үкімет басшысына инвестиция көлемі шамамен $2,4 млрд құрайтын, қуаттылығы 6 млн тонна калий тыңайтқыштарын өндіретін Қазақстандағы тұңғыш тау-кен байыту кешенін салу жобасы таныстырылды. Бүгінгі таңда елімізде мұндай тыңайтқыштарға орташа қажеттілік жылына 18 мың тоннаны құрайды. Зауыт 2035 жылға дейін кезең-кезеңімен іске қосылады. «Qazaq Kalium Ltd.» құрылтайшысы Нұрлан Артықбаевтың айтуынша, кәсіпорын ашылғаннан кейін Қазақстан әлемдік нарықтағы өндіріс үлесінің 14%-ын қамти отырып, калий тыңайтқыштарын әлемдік өндірушілердің үздік ТОП-5-не кіреді. Жоба аясында 4 мың тұрақты жұмыс орны құрылады.
Айта кету керек, Батыс Қазақстан облысы – индустриалды-аграрлық өңір. 2023 жылы ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің көлемі 305,5 млрд теңгені құрады. Өткен жылы 310 мың тонна дәнді дақылдар, 81,2 мың тонна майлы дақылдар, 61,7 мың тонна көкөніс өндірілді. Бүгінгі таңда облыста сыйымдылығы 52,3 мың тонна болатын 32 картоп-көкөніс қоймасы бар, оның ішінде жабдықталғандары – 51,1 мың тонна. Биыл қосымша 2 көкөніс қоймасын пайдалануға беру жоспарланып отыр.
Сонымен қатар БҚО-да 33,5 мың мал басына арналған 14 бордақылау алаңы жұмыс істейді, олар барлық қажетті инфрақұрылыммен жабдықталған. Биыл сыйымдылығы 17,4 мың бас болатын тағы 7 мал бордақылау алаңын іске қосу жоспарланып отыр. Сондай-ақ 1,9 мың мал басына арналған 4 ірі сүт фермасының құрылысы басталды. Нәтижесінде облыста сүт өндірісі 41,2 мың тоннаға жетеді.
Жалпы, өткен жылдың қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығы өнімдерінің өңделген үлесі 63,1%-ға жетсе, 2026 жылға қарай бұл көрсеткішті 70%-ға дейін арттыру жоспарланған. Бүгінгі таңда жергілікті азық-түлікпен қамтамасыз ету негізгі азық-түлік тауарларының 24 атауы бойынша жүзеге асырылады. Бұл бағыттағы жұмыстар ерекше бақылауда.