Ақтөбе облысында “Mercedes” жүргізушісі жаяу жүргіншіні қағып, оқиға орнынан қашып кетті, деп хабарлайды Polisia.kz.
2021 жылғы 10 қаңтарда ПД-ға “Самара-Шымкент” тас жолының 773 шақырымында жол-көлік оқиғасы болғаны туралы хабарлама келіп түсті.
Оқиға орнына жеткен полиция қызметкерлері белгісіз жүргізуші жолды белгіленбеген жерден кесіп өтпек болған жаяу жүргіншіні қағып кеткенін анықтады.
Нәтижесінде, жаяу жүргінші алған жарақаттарынан оқиға орнында көз жұмып, ал жүргізуші оқиға орнынан қашып кеткен. Сонымен қатар, қайғылы кеште қалың тұман мен көктайғақ болған. Аталған дерек ҚР ҚК 345-бабы (Көлік құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлік құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы) бойынша СДТБТ-де тіркелді.
Қабылданған іздестіру шараларының нәтижесінде полиция қызметкерлері жаяу жүргіншіні қағып кеткен күдіктіні ұстады.
Тергеу барысында 47 жастағы “Mercedes” жүк көлігінің жүргізушісі Ақтөбе қаласына қарай бет алып, Мұғалжар ауданының тұрғыны жаяу жүргіншіні қағып кеткенін, кейін жауапкершіліктен қорқып, ЖКО орнынан қашып кеткенін анықтады. Қазіргі уақытта аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
<!--more-->Ақтөбе облысының Полиция департаменті жүргізушілерден аса қажет болмаған жағдайда қаладан тыс жерлерге барудан бас тартуды, жолдарда мұқият болуды, қауіпсіз қашықтықты сақтауды, ауа-райына сәйкес жылдамдық режимін таңдауды сұрайды. Жол белгілерін қатаң сақтаңыз. Сондай-ақ, жаяу жүргіншілерге жолда абай болуға кеңес береміз, көлбеу беті бар жерлерді айналып өтуге тырысыңыз, қауіпті жолда өте мұқият болыңыз, асықпаңыз және жолды жүгіріп өтпеңіз.