Түркістан облысының полицейлері халықаралық іздеуде жүрген шетелдіктерді ұстады, – деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Түркістан облысы полиция департаменті экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері жедел алдын алу шаралары аясында халықаралық іздеуде жүрген 3 шетел азаматын анықтады. Ұсталған шетелдіктің бірі – үш жыл бойы халықаралық іздеуде жүрген Өзбекстан азаматы. Ол өз елінде қарақшылық шабуыл жасағаны үшін сотталған 38 жастағы ер азамат. Оны полицейлер Ордабасы ауданында қолға түсірді. Сонымен қатар ер адамның 2020 жылы түрмеден қашып, кейін Қазақстан шекарасын заңсыз кесіп өткені анықталды.
Аталған факті бойынша оқиғаның толық мән-жайы анықталып жатыр.
Ал екінші күдікті ЭҚІҚБ мен криминалдық полиция басқармасы қызметкерлерінің, Сарыағаш полицейлерімен бірлесіп жүргізілген шара барысында қолға түсті. 30 жастағы шетел азаматына есірткі сақтаумен байланысты қылмыс жасағаны үшін Астана қалалық полиция департаменті тарапынан іздеу жарияланған.
Халықаралық іздеуде жүрген үшінші күдікті Ресей азаматы Келес ауданында ұсталды. Жас жігітке 2022 жылдың желтоқсан айында көрші елде іздеу жарияланып, Қазақстанда жасырынып жүргені белгілі болды. Қазіргі таңда 21 жастағы шетел азаматы қамауға алынды. Қазіргі таңда оларды экстрадициялау мәселесі шешіліп жатыр.