Президентке Қарағанды облысының 2023 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы туралы есеп берілді, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Ақордаға сілтеме жасап.
Қасым-Жомарт Тоқаевқа былтыр 11 айдың ішінде өңірдегі өнеркәсіп өнімінің көлемі 3,1 триллион теңгені құрағаны жөнінде баяндалды. Негізгі капиталға салынған инвестиция 16,3 пайызға артып, 727 миллиард теңгеге жеткен.
Облыс әкімінің айтуынша, өңдеу өнеркәсібі салаларында, атап айтқанда, машина жасау ісінде 45 пайыз, жеңіл өнеркәсіпте 23,9 пайыз, фармацевтикада 20 пайыз өсімге қол жеткізілген. Сонымен қатар қағаз өнеркәсібінде, құрылыс индустриясы мен қара металлургияда өсім байқалады.
Шағын және орта бизнес саласында 100 мыңнан астам компания қызмет етеді және бұл бағытта өңірдегі белсенді халықтың 45 пайызы жұмыс істейді. Кәсіпкерлер үшін бөлшек салықтың мөлшері 4 пайыздан 2 пайызға дейін төмендетілді. Биыл жалпы өңірлік өнімдегі шағын және орта бизнестің үлесін 19 пайыздан 25 пайызға арттыру жоспарланып отыр.
Облыс әкімінің айтуынша, экономиканың барлық саласында 25 мыңнан астам жұмыс орны ашылып, жұмыссыздық деңгейі 4,1 пайызға, кедейлік деңгейі 2,7 пайызға дейін төмендеген. Ал халықтың нақты табысы 4,7 пайызға көбейген.
Бұдан бөлек, Президентке жылыту маусымының барысы, Qarmet кәсіпорнындағы қазіргі жағдай туралы баяндалды. Мемлекет басшысына жаңа инвестордың өндірісті тұрақтандыру және оның көлемін арттыру бағытында қабылдап жатқан шаралары, сондай-ақ өндірісті жаңғырту және компания жұмысшыларының еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету жоспары жөнінде мәлімет берілді.
Әлеуметтік сала бойынша ауылдық жерлерде 92 денсаулық сақтау нысанының құрылысы, екі ауданаралық аурухананы жаңғырту жұмыстары басталған. Биыл «Жайлы мектеп» жобасы аясында өңірде 7100 орындық 10 мектеп пайдалануға берілмек.
Сонымен бірге Ермағанбет Бөлекпаев әлеуметтік саланың жай-күйі, «Ауыл – ел бесігі» және «Ауыл аманаты» жобаларының іске асырылуы туралы да баяндады.
Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев облысты одан әрі дамыту және тұрғындардың әл-ауқатын жақсарту жөнінде бірқатар тапсырма берді. Сондай-ақ Мемлекет басшысы Qarmet компаниясына қарасты нысандардағы жағдайды ерекше бақылауға алу қажет екенін атап өтті.