Ағымдағы жылы 22–28 қазан аралығында Қытай Республикасының Ханчжоу қаласында өткен ІV жазғы Азия пара ойындарының жеңімпаздарына құрмет көрсетілді. Жарысқа Шымкент қаласынан спорттың 3 түрінен 5 спортшы қатысып ел намысын қорғаған болатын.
Жүлдегерлер мен спорт жаттықтырушыларды қала әкімі Ғабит Сыздықбеков арнайы қабылдап, Алғыс хаттар табыстап марапаттады.Салтанатты рәсімде шаһар басшысы еліміздегі спорт саласының дамуына қосқан үлестері үшін спортшыларға алғысын жеткізіп, сәттілік тіледі. Бүгінде мегаполис тұрғындары арасында да соңғы жылдары спортқа деген қызығушылық пен белсенділік артып келеді. Ол үшін қала аумағында инфрақұрылым мәселесі де оңды қарастырылып, салауатты өмір салтын ұстануға мүмкіндіктер баршылық. Осыны ескерген спортшылар да өз тараптарынан ықпалдастық танытудамыз деді.
Қытайдың Ханчжоу қаласында өткен ІV жазғы Азия пара ойындарына елімізден 131 спортшы қатысыпқан болатын. Төрт жылда бір өтетін дүбірлі додада шымкенттік спортшылар ел қоржынына екі қола жүлде салды. Жүзуден 4х50 метр эстафеталық сайыста Айсұлтан Кулкаев, ал байдарка және каноэда есуден 500 метр қашықтықта Максим Богатыров жеңіс тұғырынан көрінді. Айсұлтан Кулкаевты Аязбек Бижігітов, ал Максим Богатыровты Константин Обласов жаттықтырады. Айта кетейік, Пара Ойындарында Қазақстан құрамасы 8 алтын, 12 күміс, 21 қола медаль иеленіп, жалпыкомандалық есепте 11-орыннан көрінді.