Қызылорда облысында полицейлер ірі көлемде ұрлық жасаған күдіктіні ұстады, – деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
10 қарашада Қызылорда облысы ПД Шиелі аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын арызданып, үйден құны шамамен 2 млн теңге тұратын алтын бұйым мен 5500 АҚШ доллары мөлшеріндегі қаражатының ұрланғандығын айтқан.
Жедел уәкілдер қылмыс орнына барып, қылмысты ашу және күдіктілерді анықтау бағытындағы қажетті жедел іс-шараларды жүргізді. Нәтижесінде полицейлер күдіктіні ұстады. Ол жәбірленушінің 30 жастағы жеке жүргізушісі болып шықты.
Тексеру барысында күдіктінің екі рет ұрлық жасағаны белгілі болды. Бірінші жағдайда, ол үйге жасырын кіріп, жатын бөлмесінен алтын бұйымдарды ұрлап, кейін оларды ломбардқа өткізген. Кейінірек ешкім біле қоймас деген үмітпен 5500 АҚШ доллары көлемінде ақша ұрлаған. Ұрланған заттар тәркіленді. Күдікті қамауға алынды.
Қазіргі уақытта ҚР ҚК-нің 188-бабының 3-бөлігімен (Ұрлық) сотқа дейінгі тергеп-тексеру әрекеттері басталды. Бұл баптың санкциясы мүлкi тәркiленіп, екі жылдан жетi жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуді, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруды көздейді.