Ақтөбе облысының полицейлері қызметтік міндеттерін орындау кезінде полиция қызметкерлеріне бағынбағандарға қандай жаза қарастырылған еске салды, – деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Полиция қызметкерлері – билік өкілі. Қызметтік міндеттерін атқарып жүрген полиция қызметкерлерінің заңды талаптарына бағыну және орындау – барлық азаматтар үшін міндетті. Алайда өкінішке қарай, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету барысында полицейлердің заңды талаптарына агрессивтілік пен бағынбаушылық таныту, тіпті оларға қатысты күш қолдану деректері де тіркеліп жатады. Мұндайда азаматтар ҚР ҚПК-нің 128-131-баптарының тәртібімен уақытша ұстау изоляторына қамауға алынып, қылмыстық заңнама бойынша жазаға тартылады.
Атап айтқанда, ҚР ҚК-нің 380-бабына сәйкес (Билік өкіліне қатысты күш қолдану әрекеттері), билік өкілінің өзінің қызметтік міндеттерін атқаруына байланысты оған немесе оның жақындарының өміріне және денсаулығына қауіпті емес күш көрсеткен немесе күш көрсетемін деп қорқытқан адамға екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қолданылады. Ал билік өкілінің өзінің қызметтік міндеттерін атқаруына байланысты оның немесе жақындарының өміріне немесе денсаулығына қауіпті күш қолданған адамды 5 жылдан 10 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру көзделген.
Жыл басынан бері Ақтөбе облысында билік өкіліне қатысты күш қолданудың 8 фактісі тіркелді, оның ішінде 5 қылмыстық іс сотқа жіберілді, 2 қылмыстық іс бойынша кінәлі адамдар сотталды және 1 іс тоқтатылды.
Мысалы, наурыз айында 37 жастағы ақтөбелік полиция қызметкерінің заңды талабына бағынбағаны және оған қатысты күш қолданғаны үшін үш жылға бас бостандығынан айырылды. Аталған азамат мейрамханада мас күйінде төбелесіп, шақыруға келген полиция қызметкерін баспен ұрған.
Ақтөбе облысының полиция департаменті барлық азаматтарды тәртіп пен заңдылықты сақтауға және полиция қызметкерлерінің заңды талаптарына бағынуға шақыра отырып, қызметтік міндеттерін атқарып жүрген билік өкіліне қарсылық көрсеткендер үшін қылмыстық жауапкершілік көзделгені туралы тағы да ескертеді.