Алматы хайуанаттар бағына Америка Құрама Штаттарынан белгілі фотограф-натуралист Джоэл Сарторе арнайы келді, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі ҚазАқпарат сайтына сілтеме жасап.
Джоэл Сарторе 20 жылдан астам уақыттан бері әйгілі National Geographic журалында жұмыс істейді.
Жануарлар әлемін фотосуреттерге түсіріп жүретін маман - The National Geographic Photo Ark жобасының негізін қалаушы әрі жетекшісі.
«Табиғат қамқоршысы, жануарлардың жанашыры Джоэл мырза Алматыға үш күнге ғана жұмыс сапарымен келген. Негізгі мақсаты – халықаралық табиғатты қорғау одағының Қызыл кітабына енген ақбөкендер мен ұларларды суретке түсіріп, құжаттап алу. Алматы хайуанаттар бағы әлемде ақбөкендер ұстайтын санаулы зообақтардың бірі. Ол өз суреттерін ақ-қара фонда түсіреді»,- деп хабарлады Алматы зообағынан.
Джоэл мырза бұл жұмыспен 25 жылдан бері айналысып келеді.
Фотографтың бұл жобасы әлемнің зообақтары мен қорықтарындағы барлық қорғалатын жануарлар түрлерін құжаттауға бағытталған.
Ол осы уақытқа дейін 12 000 жануар түрлерін суретке түсірген.
«Жарықты пайдалану – жануарлардың шынайы түстерін береді, ал – қара және ақ фон назарыңды басқа жаққа бұрмай, жануарлардың тікелей көзіне қарауға мүмкіндік береді», – дейді Фотограф Джоэл
Оның суреттері өте шынайы және сапалы. Кадрдағы кішкентай тышқан да, үлкен піл де жанды әрі ерекше әсерге бөлейді.
Фотограф өз жұмыстары арқылы адамдарды жануарлардың мәселесіне айрықша көңіл бөлуге шақырады.
Ол 20 жылдан астам еңбек жолында 20 000 жануарды суретке түсіруді жоспарлап отыр.
«Мен суретке түсірген жануарлар түрлерінің кем дегенде 75-80% жойылып кетуден аман қалуы мүмкін. Дегенмен, ол үшін адамдар олардың бар екенін білуі керек, адамдар оларға қамқор болып, сүйіспеншілікпен қарауға тиіс. Адамдар жануарларға қалай көмектесе алатынын білуге ұмтылуы керек. Егер де жануарлар жойылып кетсе, біз де жойылып кетуіміз мүмкін екенін адамдар сезінуі тиіс» – дейді Джоэл Сартөре.