Алматы қалалық мәслихатының депутаттары Ұзынағаш ауылындағы «Арман дала» лагеріне барып, жағдайымен танысты. Бұл жайында депутат Нұргүл Тау әлеуметтік желіде жазды, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі ҚазАқпарат сайтына сілтеме жасап.
«Жазғы лагерьде баланың демалуына жағдай жасалмаған, өрескел бұзушылықтар орын алғанына куә болдым. Лагерь бұрынғы сауна ғимаратында орналасқан. Қызмет көрсетуші - «БелРичи» ЖШС. Мемлекеттік сатып алу шартына сәйкес қызмет көрсету құны - 107,8 млн. теңге. Жоспар бойынша 1150 бала демалыспен қамтылуы тиіс. Мемлекеттік сатып алу процедурасы қалай жүргізілгені төңірегінде мәселе туындауына байланысты өз тарапымнан ҚР Бас прокуратурасына, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне, Қаржы министрлігінің Ішкі мемлекеттік аудит комитетіне тексеру жүргізу жөнінде сауал жолданды. Бұл мәселені өз бақылауыма алдым» деп жазады депутат.
Оқу-ағарту министрлігінің ақпараты бойынша жақын арада балалар басқа демалыс лагерлеріне жіберіледі.
Еске салсақ, алматылық оқушылардың демалуға жазғы лагерьге емес, саунаға жіберілгенін хабарлағанбыз.
Алматы прокуратурасы сауна ғимаратында балалар лагерін ұйымдастыру ісі бойынша тергеу бастады.