ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаевтың өңірлерге жасаған іссапарлары жалғасып келеді. Бұл жолы ведомство басшысы Маңғыстау облысына барып, жергілікті халықпен кездесті, деп хабарлайды kazlenta.kz.
Қойнауы құтқа толы Маңғыстау өңірінің халқымен болған кездесуде министрге біраз сұрақ қойылды. Олардың арасында министрліктің құзырындағы тұрғын үй қатынастары, автожол құрылысы, инженерлік инфрақұрылымды тарту және сумен жабдықтау қызметтерімен қамтамасыз ету, сонымен бірге пайдалы қазбаны игеруге байланысты мәселелер көтерілді.
Айталық, ұзақ жылдай педагогика саласында еңбек еткен Светлана Утепбергенова үлескерлік құрылыс бойынша мәселені шешіп беруін өтінді. Оның пікіріне сүйенсек, бірнеше маңғыстаулық тұрғын жеке құрылыс компаниясына бар жиған қаражатын құйған. Соған сәйкес мердігер Ақтаудың 17 ықшам ауданында тұрғын үйді салуға тиіс болатын.
«Алайда құрылыс компаниясы өз міндетін соңына дейін жеткізбей, қазір пәтер жалдап жүрміз», деді Ақтаудың тұрғыны.
«2015 жылы отандық кәсіпкерлерді орынсыз тексерулерден қорғау мақсатында біршама жеңілдік берілген еді. Бизнес көптеген артықшылыққа ие болды. Тіпті құрылысқа рұқсат алу тәртібі жеңілдеді. Енді жаңа заңға сәйкес Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау қызметіне тексеру функциясы қайта берілетін болады. Олар құрылыс нормаларының талаптары қаншалықты сақталып жатқанын кез келген уақытта тексеруге құқылы болады.
Сіздердің мәселелеріңізге тоқталсақ, тұрғын үйдің құрылысын мемлекет есебінен аяқтап беруді сұрасаңыздар мұндай тетік заң аясында қарастырылмағанын бірден айтайын. Өйткені мұндай проблема тұтастай еліміз бойынша көп. Бұл мәселемен құқық қорғау органдары айналысып жатса, онда осы салаға жауапты ведомство басшыларымен сөйлесуге уәде беремін», деген министр тамыз айында аталған мәселені шешудің қосымша жолдары пысықталатын айтты.
Ал 7 ықшам ауданындағы 27-ші үйдің тұрғындары тәулік бойы жұмыс істейтін көлік жууға арналған орталықтың қызметіне шағымданды. Пәтер иелері көлік шуынан түн ұйқыларын төрт бөлуге мәжбүр екенін айтты. Осы ретте Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі ұсыныс ретінде жергілікті әкімдік аталған көлік жуу орталығының жұмыс кестесін нақты бір уақытқа дейін белгілей алатынын жеткізді.
Келесі кезекте Ақтау халқы ИИДМ басшысынан қаланың қажетті көлемдегі таза сумен қашан қамтамасыз етілетін сұрады. Бұған байланысты М.Қарабаев тиісті қаражат бөлінгенін айтып, қазір құрылыс жұмыстары қарқын алғанын атап өтті.
«Біздің басты міндетіміз – қажетті инфрақұрылымның құрылысына қаражатты уақтылы бөлу. Министрлік бұл тапсырманы дер кезінде орындады. Үкімет басшысы бұл жобаға қосымша ақшаны бөлуді қолдады. Енді әкімдіктің міндеті тиісті құрылыс жұмыстарын соңына дейін жеткізуді бақылап отыру. Бүгін кәсіпорын басшысымен кездестім. Ол қазан айына дейін барлық жұмыс аяқталады деп сендірді», деді ведомство басшысы.
16-шы ықшам ауданының тұрғындары елді мекенде жолдар қарастырылмағанын айтып, Марат Кәрімжанұлына осы мәселені реттеп беруін өтінді. Өз кезегінде министр ішкі жолдарға өңірлік әкімдіктер жауапты екенін айтып, жалпы жол құрылысына қаражат бөлу тәртібі қалай қалыптасатынын түсіндірді
Сонымен қатар М.Қарабаев жергілікті азаматтарды жеке мәселелеріне байланысты қабылдағанын айта кету керек. Жеке қабылдауға барлығы 8 адам жазылды. Азаматтардың өтініштері тұрғын үй құрылысы, жер учаскесін заңсыз беру, жер қойнауын игеруге байланысты келісімшарттың талаптарын сақтамау, қатты пайдалы қазбаны өндіруге лицензия алу, бейберекет құрылысты алдын алу, тұрғын үй қатынастары, бизнеспен айналысуға жер учаскесін жалға алу, орталықтандырылған сумен жабдықтау жүйелерін тарту және Ақтау қаласын көркейтіп, абаттандыруға қатысты болды. Өз кезегінде ведомство басшысы заңға сүйене отырып, жоғарыда айтылған мәселелерді реттеудің амалдарын түсіндіріп берді. Өтініш берушінің барлығы қанағаттанарлықтай жауап алды.
Бұған қоса министр сенбі күні облыстағы ірі инфрақұрылымдық нысандар мен кәсіпорындарға барады деп жоспарланған. Атап айтқанда, Марат Кәрімжанұлы Ақтау теңіз солтүстік терминалының, Құрық және Ақтау теңіз порттарының, «Ақтау теңіз порты» АЭА, «Каскор-Транссервис» АҚ және «СОМС» ЖШС-нің өндірістік әлеуетін байқайтын болады.
Бұдан басқа жоспарға сәйкес ИИДМ басшысы «Құрық-Жетібай» және «Доссор-Құлсары-Бейнеу» автожол учаскелеріндегі жөндеу жұмыстарының барысын тексереді.