2020 жылы 304 жобаны іске асыруға 113,0 млрд.теңге бөлінді. 4 425 км сумен жабдықтау және су бұру желілері салынды және реконструкцияланды. 2020 жылдың қорытындысы бойынша қолжетімділік ауылдарда 87,7%-ті, қалаларда 97,5%-ті құрады. Республика бойынша жалпы көрсеткіш 93,1%-ды (17,5 млн. адам) құрды, деп хабарлайды kazlenta.kz.
«Халықты сапалы ауыз сумен жабдықтау бойынша іс-шараларды жалғастыру үшін, Тұрғын үй-коммуналдық дамудың 2020 – 2025 жылдарға арналған «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін салу мен реконструкциялау жүргізілуде. Бағдарламада 2025 жылдың соңына дейін республика халқын толық көлемде сумен жабдықтау қызметтерімен қамту көзделген», - Жаймбетов Мархабат Жайымбетұлы, Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы.
Бүгінгі күні елімізде 1 926 ауылдық елді мекен ауыз сумен жабдықтау қызметтерімен жабдықталмаған. Олардың 838-і халық саны 200-ден кем ұсақ ауылдар болып табылады. Биылғы жылы халық саны 200-ден астан 793 АЕМ-де сумен жабдықтау жүйелерін салу мен реконструкциялау бойынша жұмыстар жалғасатын болады.
Қаражатты ұтымды пайдалану мақсатында халық саны 200-ден кем ауылдарда су тазартудың кешенді блок-модульдері (КБМ) орнатылатын болады.