Сенаттың жалпы отырысында депутат Серік Өтешов ішкі көші-қон саласындағы мәселені көтерді, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі ҚазАқпарат сайтына сілтеме жасап.
Депутаттың айтуынша, қазіргі жағдай осы қалпында сақталса, 2050 жылға қарай елдің оңтүстік аймақтарының халқы 5,2 миллион адамға өсуі мүмкін, ал солтүстік аймақтардың халқы 1 миллион адамға азаюы ықтимал. Бұл өз кезегінде демографиялық тұрғыда теңгерімсіз жағдайға алып келеді.
Сонымен қатар ол жұмыс күші жетіспейтін өңірлерге қазақстандықтарды көшіру бағдарламасы саладағы жағдайды жақсартуға бағытталғанын еске салды. Алайда, мемлекеттік бағдарламалардың шарттарына, уәде етілген мемлекеттік қолдаудың деңгейі мен сапасы жаңа жерге көшкен азаматтардың көңілін көншітпей отыр. Өйткені берілген уәде толық көлемде және уақытында жүзеге асырылмайды. Соның салдарынан кейбір отбасылар бұрын келген аймақтарына қайта оралып жатыр.
Депутат еліміз үшін стратегиялық маңызды мәселені ұлттық қауіпсіздік тұрғысынан қарастыруға шақырды.
«Қоныс аударғандарды өңірде тұрақтандыруға ынталандыру үшін бұл облыстарда тартымды әлеуметтік-экономикалық жағдай жасау керек. Мемлекеттік бағдарламалар өңірлерді кешенді дамыту арқылы жүзеге асуы тиіс. «Серпін-2050» бағдарламасы аясында барлық мамандық бойынша гранттар санын көбейту қажет. Еңбек тапшылығы бар өңірлерге көшіп келген отбасылардан шыққан жастарға осы білім беру бағдарламасына қатысу мүмкіндігін қарастыру керек», - деді Серік Өтешов Үкімет басшысы Әлихан Смайыловтың атына жолдаған сауалында.