Алматы облысы жастарының әлеуметтік және тұлғалық дамуына жәрдемдесіп, қолдау көрсетіп жүрген «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен 23 маусым - Мемлекеттік қызметшілер күніне орай, табиғаты көркем, әрі бірегей Алматы облысы Талғар ауданындағы «Ғұн этноауылы» кешенінде Алматы облысының мемлекеттік қызметшілері арасында отбасылық «Дәстүрден тағылым» байқауы өткізілді.
Байқауға қатысқан отбасылар өз өнерлерін ортаға салып, спорттық жарыстардан сынға түсті. Отағасы қошқар көтеріп, жылқы ерттесе, әйелдер қауымы ұлттық тағамдарды пісірді.
Байқау жеңімпаздарын ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Алматы облыстық департамент басшысы Ләззат Мұқатайқызы марапаттады.
Жарыста Талғар ауданының «Қазына» командасы – І орынға ие болып, 200 000 теңге ұтып алды. ІІ орын – Кеген ауданының қатысушыларына бұйырып, оларға 150 000 теңге берілді. ІІІ орынға – Ұйғыр ауданы қызметшілері жайғасты. Жүлде иеленген командаға 100 000 теңге табысталды.
Байқау көріністері бейнеге түсіріліп, Instagram желісіндегі almobl__jastary парақшасына салынды. Бейнеролик көпшілікке ұнап, жақсы пікірлер жинады.
Бейнероликті көргендер: «Жарайсыздар. Дәстүрлерімізді ұлықтайтын осындай іс - шараларымыз көп болсын!», «Дәстүрлерімізді ұмытпайық, осындай ойындар ұйымдастырып тұру керек, осындай байқаулар үнемі болып тұрсын. Керемет. Уйымдастырушыларға сәттілік!», «Не деген жақсы өткен іс шара.Керемет өткізіпті. Дәстүрлерімізді умытпағанымыз жөн», «Керемет.Не деген жақсы, спорттық ойындар ұнады!», «Ержігіттің қанаты жылқы демекші қазақтың ұлттық құндылығы ғой», «Шара өте жоғарғы деңгейде өткен екен! Жарайсыздар!!!» Насихаты мол, тәлімді шара деген пікір қалдырды.