Батыс Қазақстан облысы Ақсай қаласында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай самбо күресінен 2005-2006 ж.т. кіші жасөспірім ұлдар мен қыздар арасында Қазақстан Республикасының чемпионаты өткізілді. Қазақстан Республикасының мәдениет және спорт министрлігі, Батыс Қазақстан облысының әкімдігі, Батыс Қазақстан облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы мен Бөрлі ауданының әкімдігінің ұйымдастыруымен өткізіліп отырған шара "Қарашығанақ" спорт кешенінде өтті. Биыл екінші мәрте оздырылып отырған жарысқа еліміздің түкпір-түкпірінен үздік самбошылар келіп қатысты, деп хабарлайды kazlenta.kz.
Алматы облысы, Алматы қаласы, Ақмола облысы, Ақтөбе облысы, Атырау облысы, Байқоңыр қаласы, Жамбыл облысы, Қарағанды облысы, Қостанай облысы, Қызылорда облысы, Маңғыстау облысв, Нұр-Сұлтан қаласы, Павлодар облысы, Түркістан облысы, Шығыс Қазақстан облысы, Шымкент қаласы, Батыс Қазақстан облысының командаларынан жалпы саны 370 спортшы қатысып, бақ сынады.
Чемпионаттың ашылу салтанатына Бөрлі ауданының әкімі Миржан Мұнайдарұлы Сатқанов, БҚО дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Қаймен Есенаманұлы Есендияров, Бөрлі ауданының мәслихат хатшысы Қайрат Төлегенұлы Ермекбаев, ҚР самбо күресінен мемлекеттік жаттықтырушы Жандос Рамазанұлы Кемелбаев, БҚО самбо федерациясының вице президенті, БҚО дзюдо күресі федерациясының президенті Рустам Ғалиасқарұлы Шайхиев, БҚО самбо федерациясының вице президенті Саламат Серікұлы Сартеков, Самбо күресінен ҚР еңбегі сіңірген жаттықтырушы, ҚР самбо күресінен жастар мен жасөспірімдер арасындағы аға жаттықтырушы Райбек Ромашұлы Мендіғалиев, самбо күресінен спорт шеберлері арасында алты дүркін Әлем чемпионы Қазболат Сағынғалиұлы Құрмашев, самбо күресінен ҚР еңбегі сіңірген жаттықтырушы, Маңғыстау облысының аға жаттықтырушысы Берік Түсіпқалиұлы Жұмағалиев, самбо күресінен төрт дүркін Әлем чемпионы Ерболат Сағатұлы Байбатыров, самбо күресінен Әлем чемпионы Нұрбол Нәсіпкерейұлы Серіков, самбо күресінен екі дүркін Азия чемпионы Темірлан Нұртасұлы Көлбай, Паратаеквондодан Азия және Еуропа чемпионы Малик Тлеуұлы Мукашевтар қатысты.
Аудан әкімі Миржан Мұнайдарұлы алғашқы сөз сөйлеп, келген командаларға, қатысушы спортшыларға жылы лебізін білдірді. Өз кезегінде құттықтау сөз алған облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Қаймен Есенаманұлы және ҚР самбо күресінен мемлекеттік жаттықтырушы Жандос Рамазанұлы Кемелбаевтар спортшыларға сәттілік пен жеңіс тіледі.
Жарыста спортшылар 42 кг, 46 кг, 49 кг, 53 кг, 58 кг, 64 кг, 71 кг, 79 кг, 88 кг, 88+ кг салмақ дәрежелері бойынша өнер көрсетті. Жарыс нәтижесі бойынша 10 – 1 орын, 10 – 2 орын және 20 – 3 орын иелері анықталып, жалпы саны 40 медаль табысталды. Ал жалпы командалық есепте, Батыс Қазақстан облысының командасы 3 орынға жайғасса, Түркістан облысының командасы 2 орынды қанжығалады. Ал Қызылорда облысының командасы жеңімпаз атанып, жүлделі 1 орынды иеленді.