Конкурсқа қатысушыларға ұсынылған 6 тақырыптың кез келгеніне эссе жазу ұсынылды. Әлдекім балалары туралы әңгіме таңдады, әлдекім ата-анасы туралы жазды, ал кейбірі отбасылық өмірдің ең жарқын оқиғасы, оның жарына деген сүйіспеншілігі немесе негізгі отбасылық құндылықтар туралы баяндап берді, деп хабарлайды kazlenta.kz.
Әр отбасының өзіндік ерекшелігі, өз әдеттері, қуаныштары, қиындықтары және ортақ әуесқойлығы болғандықтан, қазылар алқасының мүшелеріне ең үздік жұмыстарды таңдау қиынға соқты. Қатысушыларға өздерінің ең үздік отбасылық естеліктерін шын жүректен сипаттауға тырысқандығы үшін алғыс білдіргеніміз жөн.
"Көп балалы отбасы" номинациясының жеңімпазы болып Ғалия Мұстахишеваның отбасысы танылды. Сая Кенжетаева мен Александра Мартынчик отбасылары "Отбасылық құндылықтар" номинациясында басты жүлделерге ие болды. "Жас отбасы"номинациясында үш жеңімпаз – Ильяшева Әсел, Айжан Құсайынова және Ләззат Нұрахметова марапатталды. Ең шығармашыл отбасы Мәншүк Рахишова мен Аида Хайруллинаның отбасысы, ал ең спорттық отбасы Әйгерім Әлиханның отбасысы болып танылды. "Отбасылық фотоальбом" номинациясын Сымбат Жұмалиева мен Азамат Қалдыбаевтың отбасысы ұтып алды.
Жеңімпаздарды марапаттау осы жылдың 16 қазанында жұма күні Нұр-сұлтан қаласындағы "Оtbasym.kz" Ұлттық мультимедиялық портал кеңсесінде және Алматы қаласындағы "Отбасы" отбасылық демалыс орталығында өтті. Барлық жеңімпаздар байқау демеушілерінен бағалы сыйлықтар алды. Іс-шара Алматы қаласы қоғамдық даму басқармасының қолдауымен өтті.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, байқаудың басты мақсаты - отбасылық құндылықтарды қолдау және Қазақстандағы отбасы институтын нығайту.
Барлық отбасылық оқиғалар конкурс #семейныйконкурсотбасым #отбасымотбасылықбайқауы хэштегі бойынша және @dc_otbasy Инстаграм-аккаунтында қол жетімді.