Мәжіліс депутаты Айдос Сарым Парламент палаталарының бірлескен отырысынан кейін БАҚ өкілдерінің сұрағына берген жауабында бірінші президентке қатысы бар конституциялық емес заңдардың кейбірі трансформацияланатынын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпаратқа сілтеме жасаған kazlenta.kz
«Бүгін біз Тұңғыш Президент туралы нормалардың негізгі заңнамалық құрылымының күшін жойдық деп ойлаймын. Қалған нормалар қалыпты заң болуы керек. Яғни, Конституциялық заң болмайды. Елбасы туралы қалған 20 заң немесе үлкен заңнамалық актілердегі ескертпелер Елбасы туралы Конституциялық заңның негізінде құрылған болатын. Конституциядан мұны алып тастағандықтан, ол нормалар кетеді. Қалған жай заңдар не күшін жоюы керек, не трансформацияланады. Бұл жерде бюджет, салықтар туралы айтып отырмын», - деді депутат.
Бұған дейін Әділет министрі Азамат Есқараев салалық заңдардағы Елбасы туралы 20-дан астам норманың күші жойылатынын айтқан еді.
«Шынында да біраз заңда Тұңғыш Президент туралы құжатта көзделген біраз өкілеттіктер мен мәртебе туралы нормалар бар. Әртүрлі салалық заңдарда, мысалы, әлеуметтік, білім беру сияқты салалық заңдарда бар. Біз соны анықтап қарадық. 20-дан астам заңда сондай нормалар бар. Бірақ олардың күшін жою – кешенді жұмыс. Оларды анықтап, тиянақты заң шығару тәртібімен қарастыру керек», - деді Азамат Есқараев.
Еске сала кетейік, бүгін палаталардың бірлескен отырысында Елбасы туралы құжаттың күшін жоятын Конституциялық заң қабылданды.