Ведомство ұсынған мәліметтерге сәйкес, Конституциялық сот отырысында парламент депутаттары тобының өтініші қаралған.
"2022 жылдың 5 маусымында Қазақстан халқы мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы ретінде өз билігін тікелей республикалық референдум арқылы жүзеге асыра отырып, Республиканың Тұңғыш Президенті – Елбасының мәртебесі мен өкілеттігін, оларды конституциялық заңмен регламенттеу мүмкіндігін, Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесіне ғұмыр бойы мүшелігін, сондай-ақ оның арнаулы артықшылықтарын – мәртебесінің өзгермеуін, қатарынан екі реттен артық Президент болып сайлануға шектеудің қолданылмауын Конституциядан алып тастады", - деп жазылған хабарламада.
Бұдан бөлек, 2022 жылдың конституциялық реформасымен заң шығармашылық процесінің тәртібі өзгертілді және 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап конституциялық заңдарды парламент, палаталарының бірлескен отырысында кемінде екі оқылым өткізе отырып, қабылдайтын болды."Конституциялық Сот, "Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы туралы" Қазақстан Республикасының дербестендірілген конституциялық заңының әрекет етуінің конституциялық-құқықтық негіздерін және Конституциядан республиканың тұңғыш Президенті туралы басқа да атап өтулерді алып тастаған 2022 жылғы 5 маусымдағы республикалық референдумнан кейін, осы конституциялық заңның қолданыстағы заңнамада сақталуы Қазақстан Республикасы Конституциясының жаңаланған редакциясымен келіспейтінін пайымдайды", - деді конституциялық сот өкілдері.
Нәтижесінде Конституциялық сот "Қазақстан Республикасы Тұңғыш президенті - Елбасы туралы" заңның күші жойылғаны туралы алғашқы қаулы шығарды. "2022 жылдың 5 маусымындағы республикалық референдумда білдірілген, Қазақстан Республикасының Конституциясынан 46-баптың 4-тармағы мен өзге де нормаларды алып тастау туралы Қазақстан халқының еркіне негізделе отырып, қазіргі уақытта Қазақстан Республикасының Конституциясында "Қазақстан Республикасының Тұңғыш президенті - Елбасы туралы" Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының Қазақстан Республикасында қолданылатын құқықта сақталуына құқықтық негіздер жоқ, деп тану қажет, осыған байланысты оның күші жойылды деп танылуға жатады" - деп жазылған Конституциялық соттың хабарламасында. Сондай-ақ хабарламада құжат қабылданған күннен бастап күшіне енетіні, республиканың бүкіл аумағында жалпыға бірдей міндетті, түпкілікті болып табылады және шағымдануға жатпайтыны айтылады. Айта кетейік, бұған дейін тұңғыш президент туралы заңның күшін жоятын түзетулер мәжіліс қарауына қабылданғанын хабарлаған едік.