Exit poll-дың нәтижесі жарияланғаннан кейін Республикалық қоғамдық штаб мүшелерінің алдында сөйлеген сөзінде Қасым-Жомарт Тоқаев 20 қарашада ерекше, тарихи науқан өткенін атап өтті.
"Бұл науқанның біздің тарихымызда қалатыны сөзсіз. Exit Poll-дың алдын ала нәтижесі шықты. Әрине, ресми қорытындыны күтеміз. Дегенмен қазірдің өзінде халқымыз маған президент ретінде және баршаңызға үлкен сенім артты деп айтуға болады. Халықтың сенімі – бұл ең құнды нәрсе. Сондықтан халықтың сенімін бәріміз ақтауымыз керек. Бүгін, міне 21 қарашадан бастап бәріміз жұмысқа кірісуіміз қажет", – дейді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев мықты мемлекет құрамыз десек, ең алдымен, әділдік орнату қажет екенін, онсыз ешқандай да реформа болмайтынын айтты. Оның сөзінше, бәріміз бір ұлт, бір қоғам болып іске кірісуіміз қажет. Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев өзіне үлкен сенім артқаны үшін коалицияға ризашылығын білдірді.
"Қоғамдық штабқа, сенімді өкілдеріме, еріктілерге рақмет айтамын. Сіздер еліміздің әр түкпіріне бардыңыздар. Ауыл-аймақтар, шалғай елдімекендер назардан тыс қалған жоқ. Ел арасында үгіт-насихат жүргіздіңіздер. Бұл – үлкен жұмыс. Оны мен ешқашан ұмытпаймын. Сол себепті бүгінгі көрсеткіш – бәрімізге ортақ жеңіс", – дейді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Оның пікірінше, сайлау заңға сәйкес өтті. Президенттікке үміткерлерге бірдей мүмкіндік берілді. "Олар аймақтарды емін-еркін аралады. Сайлаушылармен кездесіп, үгіт-насихат жүргізді. Яғни, ешкімге шектеу қойылған жоқ. Әрбір сайлаушыға өз таңдауын жасауына еркіндік берілді. Сондықтан бұл науқан ерекше әділ, ашық өтті", – дейді Қасым-Жомарт Тоқаев. Қасым-Жомарт Тоқаев президент сайлауы жаңа саяси дәуірге жол ашатынын айтып, алдағы уақытта басты билік институттары түгел жаңғыртылатынын жеткізді. "Конституциялық реформаны толығымен және нақты жүзеге асырамыз.
Еліміздің саяси құрылысын жаңа қалыпқа түсіреміз. Экономиканы түбегейлі өзгертеміз. Халқымыздың әл-ауқатын арттырамыз. Соның бәрін ойдағыдай атқару үшін бізге бірлік керек. Сондықтан әрдайым бірге болайық", – дейді ол. Сөзінің соңында Қасым-Жомарт Тоқаев шараға қатысушыларды Жаңа, Әділетті Қазақстанды бірге құруға шақырып, бақ-береке тіледі. Еске сала кетейік, кеше, 20 қарашада елімізде кезектен тыс президент сайлауы өтті. Кейін алғашқы Exit-poll нәтижесі белгілі болды. "Ашық қоғам" өңірлік зерттеу халықаралық институты жүргізген сауалнама нәтижесі бойынша кандидат Қасым-Жомарт Тоқаев ең көп дауыс жинаған. Оған сайлаушылардың 82,45 пайызы дауыс берген.