Жамбыл облысы Талас ауданында аудандық «Қажы би» мешітінің қолдауымен жасөспірімдер арасында Мұратбек Мәдібеков қажыны еске алуға арналған облыстық Құран жарысы ұйымдастырылды. Шарапатты шараға облысымыздың әр аймағынан 17 жасқа дейінгі 15 үміткер қатысты.
Жас қарилар жарысының ашылу салтанатында сөз алған Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының облыстағы өкілі, «һибатулла Тарази» мешітінің бас имамы Бейбіт Мырзагелдиев жастар арасында өткізіліп отырған Құран жарысының маңыздылығы жайында айтса, Мұратбек Мәдібектің ұлы Мырзабек ардақты әкенің өмір жолына тоқталып, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Сауабы мол шараға Бейбіт Мырзагелдиев, ауданның бас имамы Жалғасбай Жұбатханов және «Һибатулла Тарази» мешіті жанындағы қарилар дайындау орталығының ұстазы, қари Бірлік Аманкелді қазылық жасап, жарысқа қатысушылардың Құранды жеткізу мақамына, жылдамдығына, қатесіз оқылуына баса назар аударды.
Құран жарысы барысында жастардың тыңғылықты дайындығымен қатар, іштей толқыныстары да көрініс беріп жатты. Екі параны жаттап, жеткізе білу кім-кімге де оңай емес. Құран Кәрімде 30 пара, яғни бөлік бар. Ондағы 114 сүре ұзындығына байланысты 30 параға бөлінген. Мәселен, 29-пара Мүлік сүресімен басталып, Мурсәләт сүресімен аяқталса, 30-пара Нәбә және Нас сүресі арасындағы 37 сүрені қамтиды.
Жарыс талабы бойынша қазылар мүшесі бір аятты бастаса, үміткер оны жалғастыруы шарт. Десе де, олардың арасынан сынақтан сүрінбей, қабілетімен ерекшеленген жастар аз болған жоқ.
Жарыстың Бас жүлдесін иеленген «һибатулла Тарази» мешіті жанындағы қарилар даярлау орталығының шәкірті Рамазан Әбдіқадырға Умра қажылығына жолдама берілсе, 1-орынға лайық деп танылған тараздық Сейітқали Оспановқа 300 мың теңгенің сертификаты табыс етілді. Ал, 2-орыннан көрінген байзақтық Әбілла Құрманбек 200 мың теңгенің, 3-орын бұйырған меркілік Бақдәулет Әділет 100 мың теңгенің сертификатын алды.
Сонымен қатар, Құран жарысына қатысқан барлық үміткерге қаржылай ынталандыру сыйлықтары табыс етілді.
Жастарды түрлі деструктивті діни ағымдардың ықпалынан сақтап, Ислам дінінің құндылықтарын насихаттауда мұндай шараларды өткізу маңызды. Діни сауатсыздықты жойып, жастардың жат ағымдардың шырмауында адасуының алдын-алуда да исламды кеңінен насихаттау қажет. Бұл бағыттағы шаралар аймақта жолға қойылған. Облыс көлемінде жастар арасында өтіп тұратын дін мәселелері төңірегіндегі шаралар сөзімізге дәлел болса керек.