Баспасөз конференциясына ҚР Парламентінің депутаттары, орталық мемлекеттік органдардың басшылары, жоба жетекшілері, әлеуметтік кәсіпкерлер мен қоғам қайраткерлері қатысты.
Е. Тоғжанов өз сөзінде атап өткендей, Халық табысын арттыру бағдарламасы стратегиялық сипатқа ие және халық табысының жиынтық өсімін қамтамасыз ететін нақты бағыттарға бағдарланған.
Ауқымды бағдарлама шеңберінде бюджет саласының 1 млн-нан астам қызметкерінің және квазимемлекеттік сектордың өндірістік персоналының жалақысы өседі. 2025 жылға дейін экономиканың түрлі салаларында инвестициялық жобаларды іске асыру есебінен 2 млн. астам жаңа жұмыс орындары құрылатын болады.
Бұдан басқа, 100-ден астам ірі кәсіпорынның айналасында ШОБ белдеулері құрылатын болады. Бұл бизнес өкілдеріне кәсіпкерлік қызметтен түсетін табысты ұлғайтуға мүмкіндік береді.
Мұнай-газ саласындағы сұранысқа ие өндірістік тауарлардың 19 түрі бойынша жаңа өндірістерді жергіліктендіру қарастырылған.
"4 бағыт - фармацевтика, биотехнология, IT және мұнай-химия салаларында жаңа өнеркәсіптік индустриялар құру есебінен өңдеу өнеркәсібін жаңғырту іске қосылды. Бұл отандық тауарларды өндіру және кейіннен экспортқа шығу арқылы импортқа тәуелділікті еңсеруге мүмкіндік береді", - деп хабарлады Премьер-Министрдің орынбасары.
Халықтың сатып алушылық қабілетін қорғау үшін тағамдық тауарлар импортын алмастыру және әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына шекті бағаларды белгілеу жөніндегі шаралар іске асырылатын болады.Жоспарға сәйкес 2024 жылдың соңына дейін сүт-тауар фермаларын, ет комбинаттарын, құс фабрикаларын және басқа да өндірістерді іске қосу есебінен азық-түлік өнімдерінің импортын алмастыру 100% қамтамасыз етіледі.
Ауылдық жерлерде іске асырылатын ауқымды жобаларға ерекше назар аударылатын болады.
Бағдарлама шеңберінде ауыл әкімдерінің қызметін бағалау әзірленеді. Қазіргі уақытта әкімдерді жергілікті жерлерде халық таңдайтынын ескерсек, бұл олардың сайлау алдындағы уәделерін орындау үшін жақсы ынталандыру болады, - дейді сарапшылар.
Халықтың әлеуметтік осал топтарының тұрақты табыс алу мүмкіндіктерін кеңейту мақсатында жастар арасынан 160 мың адам "Жастар практикасы", "Бірінші жұмыс орны" жобаларымен қамтылатын болады. Сондай-ақ оларға 400 АЕК-ке дейінгі гранттар беріледі.
"Сонымен қатар Бағдарламада мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған 20 мың көп балалы әйелдер мен аналар үшін жеделдетілген оқыту, біліктілік алу, жұмыспен қамту, оның ішінде үйден шықпай-ақ жұмыс жасау мүмкіндігі қарастырылған", - деп атап өтті Тоғжанов.
Елімізде әлеуметтік кәсіпкерлік те дамитын болады. Ерекше қажеттіліктері бар адамдарда, зейнеткерлерде және бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған адамдарда жеңілдетілген тәртіппен жұмысқа орналасу мүмкіндігі пайда болады. Жалпы, азаматтардың 9 санаты бар. Оларды жұмыспен әлеуметтік кәсіпкерлер қамтамасыз етеді. Осы саладағы кәсіпорындар санын 300-ден 1000-ға дейін арттыру жоспарлануда.Креативті индустрия да жаңа деңгейге шығады. Қазақстандық жастар мәдениет, кино, шығармашылық, IT технологиялар саласындағы отандық жобаларды құруға тартылатын болады.
Осы шараларды тиімді іске асыру 2025 жылға қарай ЖІӨ құрылымында еңбекақы төлеу үлесін 31,2% - дан 38,4% - ға дейін арттыруды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Еңбек табысының үлесі 70,3% - дан 82% - ға дейін ұлғаяды. Сондай-ақ, табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен халықтың үлесін 5,3% - дан 3,5% - ға дейін төмендету жоспарлануда.