Панфилов ауданындағы Алматы – Қорғас автожолында полиция қызметкерлері жол қозғалысы ережесін өрескел бұзған екі жүргізушіні дер кезінде тоқтатып, болуы мүмкін қайғылы жағдайдың алдын алды, – деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Hyundai Palisade және Toyota Camry автокөліктерінің жүргізушілері өзге жол қозғалысына қатысушылардың қауіпсіздігін елемей, қарсы бағыттағы жолаққа шығып, бетпе-бет соқтығысу қаупін тудырған. Мұндай ойланбай жасалған маневрлер тек құқық бұзушылардың өзіне ғана емес, жолдағы жазықсыз адамдардың өміріне де үлкен қауіп төндіреді. Патрульдеу барысында полиция қызметкерлері жүргізушілердің қауіпті әрекеттерін жедел тоқтатып, ықтимал қайғылы оқиғаға жол бермеді. Жыл басынан бері Жетісу облысында қарсы жолаққа шығуға байланысты осындай 56 құқық бұзушылық анықталып, жолы кесілген. Әрбір мұндай әрекет — адам өміріне төнген қауіп.
Тәртіп сақшылары барлық жүргізушіні жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға, өз өмірі мен өзгелердің қауіпсіздігіне бейжай қарамауға шақырады.