23 мамыр күні Алматыдағы Астана алаңында қалалық белсенділікті дамыту, бұқаралық спортты насихаттау және «ұйықтамайтын қала» тұжырымдамасын жүзеге асыру аясында алғаш рет Almaty Glow Ride түнгі велошеруі ұйымдастырылды, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Алматы қаласы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ауқымды спорттық-қалалық іс-шараға әртүрлі жастағы шамамен 4000 адам қатысып, маусымның ең жарқын оқиғаларының біріне айналды. Велошерудің кешкі форматы мегаполис тұрғындары мен қонақтарының үлкен қызығушылығын тудырып, Астана алаңы бірнеше сағатқа спорттың, жастар мәдениетінің және қалалық өмірдің орталығына айналды.
Almaty Glow Ride іс-шарасының ерекше атмосферасын бірыңғай неонды тұжырымдама айқындады. Қатысушылардың жарықпен көмкерілген велосипедтері мен арнайы жабдықтары, сондай-ақ тізбектелген велокеруен қаланың орталық көшелерін көз тартарлық түнгі спорттық көрініске бөледі.
Велошерудің шымылдығын 3 пен 5 жас аралығындағы ең жас қатысушылар ашты. Оларға арналған арнайы бағдарлама әзірленіп, түрлі ойындар мен сыйлықтар ұсынылды. Балалар жарысынан кейін мыңдаған адамнан құралған негізгі топ белгіленген бағыт бойынша жолға шықты.
Жалпы ұзындығы 6 шақырым болатын маршрут Алматының орталық көшелерімен өтті: Төле би – Назарбаев – Тимирязев – Желтоқсан – Төле би. Қатысушылар легінің алдында музыкалық сүйемелдеу ұйымдастырылған DJ-көлік пен серіктестердің нышандары бейнеленген арнайы автокөліктер жүрді.
Велошеру аяқталғаннан кейін мерекелік бағдарлама Астана алаңында жалғасты. Қатысушылар үшін интерактивті ойындар, байқаулар мен бағалы сыйлықтар ұтысы ұйымдастырылды. Барлығы 40-тан астам сыйлық, соның ішінде велодулыға, велоформа, аксессуарлар мен велосипед құралдары табысталды. Кештің басты жүлдесі ретінде балаларға арналған жүгіру велосипеді мен тас жол велосипеді ойнатылды.
Мәре сызығында қатысушылар алдында сөз сөйлеген Алматы қалалық Спорт басқармасының басшысы Дархан Нұрханұлы Almaty Glow Ride жаңа қалалық серпін мен заманауи белсенді демалыс мәдениетінің символына айналғанын атап өтті.
— Бүгін Алматы шын мәнінде ұйықтамайтын қалаға айналды. Осындай іс-шаралар мегаполистің жаңа тынысын танытып, адамдарды біріктіріп, қаланың заманауи спорт мәдениетін қалыптастырады, — деді басқарма басшысы.
Алматы қаласы Спорт басқармасы өкілдерінің мәліметінше, алғашқы түнгі велошерудің жоғары деңгейде өтуі тұрғындардың бұқаралық спорттық іс-шаралардың жаңа форматтарына қызығушылығы зор екенін көрсетті. Алдағы уақытта Almaty Glow Ride спортты, белсенді өмір салтын және заманауи қалалық мәдениетті насихаттайтын жыл сайынғы іс-шара ретінде дамыту жоспарланып отыр.