Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев Біріккен Араб Әмірліктеріне ресми сапары аясында БАӘ Өнеркәсіп және озық технологиялар министрі, «Masdar» компаниясының төрағасы, «ADNOC» компаниясының Бас директоры Сұлтан Ахмед Әл-Жабермен кездесу өткізді, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі ҚР СІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Келіссөздер барысында тараптар Қазақстан мен Әмірліктер арасындағы инвестициялық ынтымақтастықтың қазіргі жай-күйі мен перспективаларын, сондай-ақ жаңартылатын энергетика саласындағы ықпалдастықты ілгерілету мәселелерін талқылады.
ҚР СІМ басшысы экономика саласындағы екіжақты қарым-қатынастар орнықты дамып келе жатқанын атап өтті. Атап айтқанда, 2025 жылдың қорытындысы бойынша Әмірліктер Қазақстанға шамамен 1,64 млрд АҚШ доллары көлемінде инвестиция салып, ірі инвестор елдердің алғашқы бестігіне енді. Сондай-ақ өзара сауда-саттық көлемінің өскені де атап өтілді.
«Masdar» компаниясының Жамбыл облысында іске асырып жатқан қуаты 1 ГВт жел электр станциясын салу жобасына ерекше назар аударылды. Бұл жоба жаңартылатын энергетика саласы бойынша Орталық Азиядағы ең ірі бастамалардың бірі және екі ел арасындағы стратегиялық серіктестіктің жарқын үлгісі саналады.
Бұдан бөлек, тараптар жобаны одан әрі кеңейту перспективаларын, оның ішінде станцияның қуатын арттыру және энергияны сақтау жөніндегі заманауи шешімдерді енгізу мәселелерін қарастырды.
Е.Көшербаев жаңа бағыттар бойынша ынтымақтастықты одан әрі дамыту, оның ішінде «жасыл» сутегі жобаларын, өндірісті жергіліктендіру және қосымша құн тізбектерін дамытудың маңыздылығына назар аударып, бұл сапар инвестициялық ынтымақтастыққа, оның ішінде бірлескен жобаларды іске асыруға тың серпін беретініне сенім білдірді.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар стратегиялық серіктестікті одан әрі нығайтуға мүдделі екендіктерін растады.